
ҚПЛ тарихында гол салған ең жас футболшы Дастан Сәтпаев емес екен.
Бұл ретте рекордтың иесі Абзал Бейсебеков. «Астананың» аңызы жоғары дивизиондағы ең бірінші нәтижелі соққысын жасағанда небары 16 жас, 5 ай және 10 күнде болған екен. Содан бері бұл көрсеткіштің мұрты бұзылмай келеді. Десе де, Дастан Сәтпаев бәрібір өз есімін тарихта қалдырудың ретін тапты – «Атырау» қақпасына салған екі голының арқасында ҚПЛ-де дубль жасаған ең жас футболшы атанып отыр. Бұл өте зор жетістік және жақын арада ешкімнің қолы жете қоймайтын нәтиже секілді. Сондай-ақ, «Челси» футболшысы биылғы премьер-лига матчтарында екі ойында үздік атанған (MVP) алғашқы ойыншы танылуда. «Мұнайшыдағы» шоуынан бұрын ҚПЛ-2025-тің маусымашар матчында «Астанаға» қарсы бәсекеде де үздік ойыншы атағы 16 жасар шабуылшыға бұйырған. Ол матчта Сәтпаевтың жалғыз добы алматылықтарды жеңілістен құтқарды.
Дастан қазір 4 тур қортындысы бойынша 3 гол 1 нәтижелі пасымен үздік шабуылшылар қатарына кірді. Мұндағы бірінші орын Марин Томасовта (4 гол).
Біздің серіктес: FONBET