Крейг Белламидің әріптесі, Еуропада скауттық бөлімді басқарған! «Қызыл-Жардың» жаңа менеджері Әлішер Әпсәлямов туралы тағы не білеміз?

10.11.2025, 18:27

«Қызыл-Жарды» жаңа маусымға халықаралық дәрежедегі менеджер Әлішер Әпсәлямов дайындайды.

Крейг Белламидің әріптесі, Еуропада скауттық бөлімді басқарған! «Қызыл-Жардың» жаңа менеджері Әлішер Әпсәлямов туралы тағы не білеміз?
Әлішер Әпсәлямов

Жекеменшікке өткен петропавлдық клубтың жаңа қожайыны Сергей Кан жұмысты басшылық ауыс-түйістерден бастауды жөн көріпті. Қалай дегенде де тиыннан теңге құрауды білетін білікті бизнесмен отандық функционерді тегін шақырмағаны анық. Биыл маусымды қоламен аяқтаған қостанайлықтардан аттай қалап алдырған Апсалямовқа зор сенім артылуда.  

Әлішер Англияда оқыған, халықаралық тәжірибесі бар маман. Білім-білігін «Кардиф» клубында шыңдап, скауттық бөлімде қызмет атқарды. Бүгінде Уэльс құрамасының тізгінін ұстайтын Крэйг Белламимен әріптес атанып, бірге жұмыс істегені мәлім. Қазақстандық маман одан кейін Босния және Герцеговинада, «Сараево» клубында жұмыс істеді. Соңғы бірнеше жылдан бері елге қайтып, Қазақстан футболының дамуы жолында қарекет қылуда. Отандық клубтардағы жұмысы өте нәтижелі деуге болады – «Атыраумен» Қазақстан Кубогінің финалында өнер көрсетті. Финалға дейін іркілмей жетіп, «Ақтөбемен» терезесі-тең өнер көрсеткен сол мықты команданың артында Әлішер Әпсәләмовтің мықты менеджерлігі тұрды деуге толық негіз бар. Барлық жағынан да премьер-лиганың ортаңқол командасын Виталий Жуковскийдей жақсы жаттықтырушы шақырып, тәуір ұжым жасақтауға үлесін қосты. Одан бөлек, «Қайрат», «Каспий» клубтарында да жұмыс істеп кеткенін қосып кету керек.

Әлішер Әпсәлямовтің соңғы жұмыс орны «Тобыл». Қостанайлық командамен ҚПЛ-дің қола жүлдесін еншіледі. Спорттық директор ретінде жемісті жұмысымен есте қалды – Хусров Тоиров секілді футболшылардың табысты трансферлерінің жүзеге асуында осы 35 жастағы функционердің еңбегі бар (Тәжікстан ойыншысын донецкілік «Шахтерге» 250 мың еуроға сатты). Енді Әлішер Әпсәлямов жаңа клубта жаңа сынаққа бел буыпты. Жаңа инвестор мен жақсы менеджерлер бас қосқан қызылжарлық клубтың мықты жобаға айналатын барлық мүмкіндігі бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×