АҚШ астанасында өткен ерекше кештің басты кейіпкері Криштиану Роналду болды. "Әл-Наср" жұлдызы Ақ үйдегі кездесуге арнайы шақырылып, саясат, бизнес және әлемдік шоубизнес өкілдері бас қосқан шараның назарын өзіне аударды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бұл кешті АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Бірінші ханым Мелания Трамп ұйымдастырды. Кездесуге халықаралық деңгейдегі беделді тұлғалар жиналды.
Tesla компаниясының басшысы Илон Маск, Apple жетекшісі Тим Кук және дүниежүзіне ықпалы бар өзге де бизнесмендер.
Бұған дейін Роналду бір сұхбатында Трамппен терең мазмұнды әңгіме құруға қызығушылық танытқанын айтқан еді. Ол әлемдік мәселелер, бейбітшілік пен жаһандық ынтымақтастық тақырыптарын қозғауға дайын екенін жеткізген болатын. Көпшілікті қызықтырған бұл кездесу енді ресми емес, еркін форматта жүзеге асты.
Кеш барысында Дональд Трамп жиналғандарға күлкілі әрі әсерлі бір оқиғаны айтып, Роналдуға ерекше құрмет көрсетті:
"Менің ұлым Криштианудың үлкен жанкүйері. Бүгін онымен таныстырғаннан кейін, мені бұрынғыдан да қатты құрметтеп отырған сияқты. Рақмет, Криштиану, бұл біздің отбасымыз үшін үлкен мәртебе.” — деді Трамп.
Криштиану Роналдудың мұндай жоғары деңгейдегі шараларға жиі шақырылуы тегін емес. Ол тек футболшы емес, мәдениет, медиа, бизнес және саясатпен ұштасқан ғаламдық феномен. Әр басқосуда оның ықпалы сезіліп, кез келген аудиторияны өзіне тартатыны тағы дәлелденді.
Қазіргі таңда оның мансабының жалғасы туралы түрлі пікір айтылып жатса да, Роналдудың беделі спорттан тыс кеңістікте де орасан зор екені анық. Ол халықаралық элита ортасына емін-еркін кіріп, әлемдік лидерлермен тең дәрежеде сөйлесе алатын санаулы спорт жұлдыздарының бірі.