Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду «Манчестер Юнайтедке» қайтып оралды, деп хабарлайды англиялық клубтың ресми сайты. Футболшы виза алып, медициналық тексерістен өткеннен кейін клубпен келісім-шартқа отырады.
Түрлі дереккөздер «Манчестер Юнайтед» 36 жастағы португалиялық шабуылшы үшін «Ювентусқа» 25 миллион еуро ұсынды деп хабарлады, ал Роналдудың «қызыл сойқандармен» келісім-шарты 2023 жылға дейін есептелген.
Криштиануға «Манчестер Сити» мен «Пари Сен-Жермен» клубтары да көз тікті, бірақ кейінірек ойыншыға деген қызығушылық әлсіреді, ал «Манчестер Юнайтед» осы сәтті өз пайдаларына жаратты. Роналду 2003-2009 жылдар аралығында дәл осы клубтың намысын қорғаған.
Роналду 2018 жылдан бері туриндік «Ювентус» сапында өнер көрсетті. 36 жастағы шабуылшы өткен маусымда 29 голмен Италия чемпионатының үздік сұрмергені атанды.