“Кристал Пэлас” Еуропа лигасынан шеттетілді

12.07.2025, 12:00

“Кристал Пэлас” клубының басқарма төрағасы Стив Пэриш 2025/2026 жылғы маусымда Еуропа лигасынан командасының шеттетілуіне байланысты пікір білдірді. Лондондық клуб турнирге қатыса алмайды, себебі Еуропа лигасына Француздық “Лион” қайтып оралды. Екі клубтың да иесі Америкалық кәсіпкер Джон Текстор.

“Кристал Пэлас” Еуропа лигасынан шеттетілді

“Әрине, бұл жағдай біз үшін өте ауыр. Ең алдымен, жанкүйерлеріміз үшін. Меніңше, барлық футбол жанкүйерлері біздің ренішімізді түсінеді. Бұл біздің арманымыз еді. Біз клуб тарихындағы алғашқы трофейді жеңіп алдық. Бұл нағыз лотерея сияқты болды. Жеңесің, бірақ жүлдеңді алуға келгенде саған ештеңе берілмейді.

Ойыншылар мен жанкүйерлер, клуб қызметкерлері үшін өте өкінішті. Бұл футбол үшін нашар күн. Көптеген адал жанкүйерлер бұл шешімнің әділетсіз екенін түсінеді деп ойлаймын. Осындай жағдайлар орын алмас үшін біреулер араласады деп үміттенемін. Клуб турнирге жолдаманы адал еңбегімен жеңіп алып, ақыры қандай да бір күлкілі техникалық себеппен шеттетілсе, бұл барып тұрған абсурд!

Біз апелляцияға беруді жоспарлап отырмыз, әрі қарай не істеуге болатынын қарастырамыз. Қазіргі сәтте осы жағдайды өзгерте алатын біреудің араласқанын қалаймыз.” – деді Пэриш Sky Sports арнасында.

Айта кетейік, қаржылық қиындықтарға қарамастан Лига 1-де қалуға рұқсат алған “Лион” келесі маусымда Еуропа лигасында ойнайтын болады. Ал Англия кубогының 2024/2025 жылғы жеңімпазы “Кристал Пэлас” УЕФА Конференциялар лигасына қатысады. Олардың орнына Еуропа лигасына әзірге “Ноттингем Форест” жолдама алып тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Масқара 1
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×