Құрама бас бапкері кім болады?

Әли Әлиев өзім кетемін деп шешті. Артыңа қарама дегеннен басқа ештеңе дей алмаймыз. Келді, көрді, қиын екенін сезді, қызметінен босады. Бәлкім 7-8 жылдан кейін ұлттық құрама тізгінін ұстатып көрерміз, әзірге Әлидің деңгейі жетпейтіні көрініп тұр.

Құрама бас бапкері кім болады?
Милич Чурчич

Бас команданың бас бапкері кім болады деген ой Алаш аспанында қалқып тұрғаны айдан анық. Жұмасқалиев мырза жұмысты жалғап әкетіп, тізгінді өзі алудан бас тартатын секілді. Себебі, қазір бар күшті «Тобылға» жұсап көрмек. Маусым аяқталар тұста чемпиондықтан үміті бар, әрі Қазақстан кубогының финалына шығып алған. Сондықтан, дәл қазір Нұрбол Жәрдемұлы құрамаға жәрдем бере алмас.

Самат Смақов негізі қалған ойындарда құрама тізгінін ұстап көрсе болады. Желтоқсан айына дейін уақытша бапкер болып, өзін көрсетуге шанс алуы тиіс. Марат Омаров егер жақсы келіссөз жүргізсе Самат Смақов жігіттердің рухын оятуы ықтимал. Негізі Смақов түбі құрамаға бапкер болатынын бәріміз біліп отырмыз. Бірақ, қашан? Ал дәл қазір «Жетісу» ҚПЛден ұшайын деп тұрғанда Саматқа бұл керек пе? Бельгиямен тағы бір матч, Солтүстік Македонияға қонаққа бару – сәл ыңғайсыз емес пе? Осындай қиын жағдайда құрама тізгінін ұстау кімге керек?

Кішкене ғана келісілген матчтар ойнайтыны болмаса өзі жақсы маман болып саналатын Ферапонтов үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Бірақ, бұл кісі «Оқжетпеске» 2 жыл жүріп ойын қойды. Құрамада ондай уақыт жоқ. Десе де, бір мүмкіндік беруге тұрарлық. Ақыры ешқандай маңызы жоқ матчтар ғана қалды ғой. Оның үстіне Фера қазір жұмыссыз, үйде жатыр.

Егер Бабаянды бапкерлер қатарына қосатын болсақ, онда құрама бапкері болып Әлидің ассистенті Юрий Чухлеба қала бергені дұрыс. Немесе одан өзге ешқандай нұсқалар табылмаса құрама тізгінін Қазбек Тайланов ұстасын. Сарказмге сеніп қалмай, шынайы әңгіме қозғайық. Тура қазір құрама тізгінін ұстайтын мен таңдаған үш кандидат бар. Вайс пен Стойлов туралы елдің бәрі жазды. Олар келмейді дейді. Мақұл, ешкімге жалынбаймыз.

Біріншіден, біздің құрамаға 4 қорғаушымен ойнап, жалпы қорғанысты мықты ұстайтын бапкер керек. Ол бірінші кезекте – Младен Крстаич. Сербиялық маман футболшы болып «Вердер», «Шальке» командаларында ойнаған. Сербия құрамасы бас бапкерінің ассистенті, сосын бас бапкері болған. 2018 жылы Сербия құрамасын Әлем чемпионатына шығарды. Кейіннен Болгария құрамасын баптады. «Маккаби» Тель-Авив командасында да жемісті жұмыс атқарды. Қазір қолы бос. Младеннің 50-ге енді келген жас мамандар қатарына қоссақ, оның амбициясы күшті екенін анық ұғынуға болады. Ол үнемі 4 қорғаушымен ойнап, қарымта шабуылды дәріптейтін бапкер. Бізге керегі де осы. Тілі де, менталитеті де бізге жақын.

Шетелден маман іздеп керегі жоқ десеңіздер, ҚПЛ клубтарында жүрген легионер бапкерлер арасынан да бір кандидат көріп тұрмын. Бұл – Милич Чурчич. «Тобыл» бапкері болған кезде бұл кісі трофей жеңді. Келе салып көзге түсті. Еурокубокте «Тобылмен» бірге дүркіретті. «Қызылжар» командасында жүрген бапкерді құрамаға шақырсақ қатып кететін секілді. Көп жалақы да қажет етпейді. Тілді де, ел футболын да жақсы меңгерген. Ағылшынша да керемет сөйлейді. Біздің ойымызша бұл кісі де жақсы кандидаттың бірі. Тіпті идал кандидат десек те болады. Қалған ойындарды жүргізіп көрсін. Аяқ алысын байқап көрелік. Ал келесі жылы құрамаға бұл кісі болмайды, мықты маман керек десеңіздер Тьяго Моттаның агентінің нөмерін тауып бере аламын. Хабарласыңыздар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 46
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×