Аралас жекпе-жектің шебері Қуат Хамитов кезекті рет Қазақстанның ірі жеңілісіне қатысты жазба жариялады.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты-2026 іріктеуінде Бельгиядан ойсырай ұтылған болатын (0:6). Бұл нәтиже жанкүйерлер арасында ғана емес, спорт әлемінде де үлкен талқылауға себеп болды.
Белгілі қазақстандық ММА жауынгері Қуат Хамитов Instagram-дағы kzsports парақшасының жазбасына пікір қалдырып, мұндай нәтижені бұрыннан-ақ болжағанын атап өтті:
— Мен Ванга секілді қазақ футболының болашағын баяғыда-ақ айттым. Бірақ сендер маған сенбей, өздеріңді өздерің құртып жүрсіңдер, — деп жазды Хамитов.
Айта кетейік, ойыннан кейінгі баспасөз жиынында Әли Әлиев өз еркімен отставкаға кететінін мәлімдеп, журналистердің сұрақтарына жауап берместен залдан шығып кетті.
Әли Әлиевтің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде бес ойын өткізіп, тек үш ұпай жинады.