Vesti.kz 24-жастағы жартылай қорғаушының еуропалық клубқа ауысуы екіталай деп жазады.
Еркебұлан Сейдахмет осы трансферлік терезе кезінде шетел біріншілігінің клубтарынан кәдімгідей ұсыныс күткен көрінеді. Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысының өкілдері Польшаның жоғары дивизионының бір командасының және Таяу Шығыс елдері – Қатар мен БАӘ клубтарының өкілдерімен келіссөздер жүргізген көрінеді. Қос тарап ортақ мәмілеге келе алмаған сынды. Сол себепті жартылай қорғаушы алдағы маусымды Қазақстан премьер-лигасында өткізбек. Соңғы күндері біраз басылым футболшы мен «Ақтөбемен» байланыстыруда.
Ақтөбелік команда Түркия жеріндегі бірінші оқу-жаттығу жиындарын тәмамдады. Ал Сейдахмет «қызыл-ақтардың» қатарын Анадолы жеріндегі екінші жиынында толықтырады деп күтілуде.
Естеріңізге салсақ, Еркебұлан Сейдахмет өткен маусымда «Қайрат» сапындағы чемпиондық маусымда 18 ойында алаңға шығып, бір гол салған болатын. Жалпы, «Қайрат» сапында 107 кездесуде өнер көрсетіп, сегіз гол салып, 10 ассист берген. Е. Сейдахмет алматылық клубтан бөлек талдықорғанның «Жетісуі» мен ресейлік «Уфа» жейдесінде доп тепті, питерлік «Зениттің» қаралымында болды және Болгария чемпионатында «Левски» командасының намысын қорғады.
Біздің серіктес: FONBET