Қаржылық заңбұзушылықтарға байланысты басы дауға қалған «Қызыл-Жардың» ісінде былық бітпей тұр.
Талай миллионды дұрыс мақсатта жұмсамай, қолды қылған петропавлдық клуб басшылығының ісі бойынша сот жүріп, күдікке ілінген төрт адамның мүлкін тәркілеуге үкім шыққан. Алайда, сот үкімінің күші тек екі адамға ғана жетіпті - бұрынғы бас есепші Ольга Замелацкая мен клубтың есепшісі Людмила Цветковаға. Ал бұл істегі басты фигурант - клубтың бұрынғы бас директоры Григорий Лорияның қылшығы да қисаймаған. Айта кетейік, отандық футболда танымал функционердің мүлкі 260 миллион теңгеге бағаланған болатын және сот талабы орындалған жағдайда бұл сома біраз келтірілген шығынды өтеуге жететін еді. Бірақ, өздеріңізге белгілі, Лория мырза Аустралия асып кеткен. Елге қайтатын ойы жоқ секілді.