“Қызылжар” құрдымға кетпек

Петропавл ұжымына жаңа спорт директоры келмекші. 

“Қызылжар” құрдымға кетпек

“ЖаркOFF” телеграм-арнасына белгілі болғандай, “Қызылжар” спорт директоры қызметіне Владимир Нидергаус шақыртылыпты. 

Футболшы ретінде бұл азамат ел құрамасы мен ішкі чемпионаттың алғашқы голдарын соққан спортшы ретінде тарихқа кірген. Бұл қос оқиға 1992 жылы орын алды.

Одан тағысы, шабуылшы Нидергаус волгоградтық “Роторға” ауысқан шағында УЕФА Кубогы аясында “Манчестер Юнайтед” қақпашысы Петер Шмейхель мен “Бордоның” қақпа қорғаны Гаэтан Юаруға гол соққан. Әрине, бұл жетістіктің барлығы Владимирдің өз уақытында сұранысқа ие, жақсы шабуылшы болғанын меңзейді. Алайда Нидергаус бутсасын шегелеп, футбол функционері атанған уақыттан бастап, өзінің абыройынан айырылды… 

Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры демекші, былықтың бастауы Владимирдің 2021 жылы солигорскілік “Шахтерге” спорттық директор болып келуімен орын алды. Команданың қақпашылар бапкері Валерий Чижов бірнеше айлар бойы өз жалақысын ала алмай жүргенін айтып, құзырлы органдарға арыз жазады. Шахтер клубындағы арнайы тексеріс нәтижесінде қисынға келмейтін көп нәрсе анықталады.

Сөйтсе, команда легионерлердің жалақы шектеуіне ілінбеу мақсатында қағаз жүзіндегі жалақыдан бөлек, қолма-қол есепке кірмеген қаржыдан да футболшыларға үлестіріп отырған. Соның нәтижесінде қарапайым жұмысшылардың жалақсы уақытынан кешігіп берілген. Валерий Чижов сынды азаматтар тіпті ұзақ уақыттар бойы нәпақысына қол жеткізе алмай келген.

Ең сорақысы, Нидергаустың кезінде Шахтер келісілген матчтар өткізген. Соның бірі тіпті сотта іс болып қаралды. Мәселе, “Шахтердің” “Белшинаға” қарсы 30-тур матчында орын алды. Басты күдікке Бобруйск командасының капитаны Дмитрий Гомза ілікті. Ол Солигорскілік команда чемпиондыққа талас барысында жеңіске жетуі үшін өз қақпасына пенальти әкеледі. Ойын барысындағы сол эпизодтты саралай келе, кездесудің келісілгені анықталды. Нәтижесінде Гомза ұзақ жылдарға дейін футболдан шеттетілді. Және “Шахтер” командасының директоры Александр Марченко мен спорттық директор Владимир Нидергаус қамауға алынды. Алайда сот шешімі бойынша олар босатылып, 185 мың рубль айыппұлын арқалады. Басшылық жеңіл жазамен құтылғанымен, маусым нәтижесі бойынша алтын алған “Шахтерден” чемпиондық атақ алынып тасталынды.

Нидергаус Қазақстан чемпионатында қарағандылық “Шахтерде” қызметте болған кезде де келісілген матчтар өткізіпті. 2008 жылы оған сот шешімі бойынша 600 мың теңге айыппұл салынып, 3 жылға дейін футболдан шеттету жайында жаза қабылданады. Алайда жарты жылдан кейін Владимир аладоп аламанына қайта оралады. 

Міне, осындай репутациясы таза емес функционер онсызда былыққа белшесінен батқан “Қызылжарға” келеді дейді. Еске салсақ, бұған дейін біздің портал “Қызылжарда” жүріп, қыруар ақша тұратын зәулім ғимараттарды өз атына тіркеген Григорий Лория сот алдында қалайша жауаптан жалтарғаны жайында жазған болатын. 

Экс-президент жазықсыз қалмақ - Футбол жаңалықтары - ALADOP.KZ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×