«Қызылжардың» бұрынғы президенті Григорий Лорияға іздеу жарияланды

Бүгін, 17:13

Петропавлдық «Қызылжар» клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға ресми түрде іздеу жарияланды, деп хабарлайды Aladop.kz.

«Қызылжардың» бұрынғы президенті Григорий Лорияға іздеу жарияланды

ҚазТАГ агенттігінің мәліметінше, 72 жастағы футбол функционеріне қатысты іздестіру ісі 2026 жылғы 7 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген.

Қазақстанның құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталында жарияланған мәліметке сәйкес, іздеуге Қаржылық мониторинг агенттігі бастамашы болған.

Іздестіру шараларын Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізіп жатыр.

HALYQSTAN телеграм арнасының мәліметінше, Григорий Лорияға қатысты сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерден жалтару деректері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Бұған дейін бұрынғы клуб басшысы 5 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне күдікті ретінде жауап беруге шақырылған болатын.

Алайда жарияланған ақпаратқа сәйкес, Лория тергеуге келмеген. Сондай-ақ ол бұлтартпау шарасы ретінде сырттай қамауға алу мәселесі қаралатын сот отырысына да қатыспаған. Осыдан кейін оған ресми іздеу жарияланған.

Еске салайық, 2024 жылы «Қызылжар» клубында бюджет қаражатының жымқырылуына қатысты деректер анықталып, қылмыстық тергеу басталған болатын.

Аталған іс аясында клубтың бұрынғы бухгалтері Ольга Замелацкая қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

2026 жылдың басында сот оны жеті жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарғаны хабарланды.

Ал Григорий Лорияға қатысты қылмыстық іс бөлек тергеліп жатыр. Құқық қорғау органдары оның ісіне байланысты барлық мән-жайды әзірге жариялаған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Aladop Youtube
×