Легионер ме, миллионер ме?

13.11.2010, 18:26
Легионер ме, миллионер ме?
Қазақстан футболындағы легионерлердің дені Батыс Еуропа мен бұрынғы посткеңестік мемлекеттердің азаматтарынан тұрады. Соңғы жылдары ішкі біріншілікте легионерлерден аяқ алып жүргісіз жағдай қалыптасты. Олардың көбі ендігі Қазақстан азаматтығын алып, халық санын көбейтіп жүр. Тіпті осы күндері ел командаларындағы футболшылардың қайсысы жергілікті түлек, қайсысының сырттан келіп нәпақа тауып жүрген легионер екенін білу қиын. Бұл мәселеге жыл сайын бас ауыртып, ми қатырғанымызбен әзірге бір арнаға сала алмай отырмыз. Жалпы, осы күні елімізге келіп жатқан сырттандардың деңгейі қандай және олардың ойын өрнектеріне кім баға бермек? Қазақстан футбол федерациясының қабылдаған заңы бойынша премьер-лига командасына 5 легионерден артық алуға болмайды. Және бұған өткен жылы дау-дамайға ұласқан жас шектеуін тағы қосыңыз. 30-дан асқан сырт футболшыға біздің елде орын жоқ. Бірақ ол заңды «заң» деп құрмет көріп, ұстап жатқан кім бар? Қостанайдың «Тобылында» 30-дан асқан Ұлықбек Бақаев Өзбекстан азаматтығымен емін-еркін доп теуіп жүр емес пе? Мұны жағдайдың құлаққа қонымды жауабы ретінде клуб басшысы Халымжан Ержановтың Федерациядағы ағалармен бітімге келгені дер едік. Бұл болары болып, бояуы сіңген іс деп, ендігі осы күндері премьер-лига командаларының сапында жүрген өзге де легионерлерге тоқталсақ. Биылғы маусымда өзінің жоғары деңгейлігі мен асқан шеберлігін көрсетіп, өзгелерден оқ бойы озып жүрген легионер кім? Қақпашылар Ең алдымен әр алаң бөлігіндегі шеберлерді саралап өтсек. Қақпашылар жайында сөз қозғағанда, әрине, ең алдымен біз ресейлік Роман Герусты ерекше атап өтер едік. Астаналық «Локомотив» қақпасын абыроймен қорғап жүрген ол, шын мәнісінде, биылғы маусымның ең үздік қақпашысы деген атағына лайықты десек артық емес. Әр матч сайын қақпаға төнген қауіптің бетін шебер қайтара білетін тәжірибелі қақпашы астаналықтар үшін қаншама ұпай алуға өз септігін қосты. Демек, команда үшін де сіңірген еңбегі зор деуге болады. Әрине, бұл тұста біз «Қайрат» қақпашысы Ненад Еричті де атай кетуіміз қажет. Биылғы «Қайраттың» қауқарсыз қалғанын ескерсек, Еричтің қаншама еңбегінің еш кеткені белгілі. Онан соң Алексей Белкиннен («Локомотив») өзге легионер қақпашы жоқ. Осы жерде бір клубқа екі «бірдей легионер қақпашының не керегі бар?» деген ой туындайды. Клуб басшылығының сырт футболшыларды алдық деп қаржы жымқырып қалатынын әдеті емес пе, мүмкін сондай қитұрқы әрекеттің бірі шығар. Қорғаушылар Қорғаушылар дегенде ең алдымен қорғанысы мығым командалардан бастасақ. Биылғы біріншілікте ең аз доп жіберген командалар – «Ертіс» пен «Жетісу». Бірақ керекулік команда сапындағы жалғыз сербиялық қорғаушы Александр Василевич негізгі құрамның ойыншысы емес. Тек «Жетісу» қорғанысына өз үлесін қосып жүрген ресейлік Руслан Соляник болмаса. Біріншіліктегі ең мықты легионер-қорғаушы деп «Ақтөбеге» келген Халифа Баны айтуға болар еді. Сенегалдық футболшы Франция біріншіліктерінде біршама тәжірибе жинағандығы көрініп-ақ, тұр. Десе де, «Ақтөбенің» чемпиондар лигасындағы «Хапоэльге» қарсы өткізген кездесуінде өрескел қателік жіберген ол бірден Владимир Мұқановтың қара тізіміне түсті. Оның үстіне, жанкүйерлер де сырт алаңдағы сол қателікті әлі ұмытар емес. Сондай-ақ «Тобыл» сапындағы чех қорғаушысы Вит Туртенвальтты, «Тараз» қорғанысын бекітіп жүрген босниялық Никола Тонеевті және «Шахтердің» артқы шебіне жауапты литвалық Гедеминас Вючисті де ұмытпаған жөн. Ал өзге клубтардағы қорғаушылар негізгі құрам тұрмақ, біріншілік барысында жарытып алаңға шықпағандары да бар. Сонда оларды қыруар ақша төлеп шақыртқандағы мақсат не? «Атырау» командасына алынған Градимир Црнагорац тіпті барша қазақ футболына қаракүйе жақты. Еуропа лигасы турниріне қатысуға рұқсаты жоқ сербиялық, елдің барлығын алдап, түбі бізге жапа шеккізді емес пе? Жартылай қорғаушылар Молдова ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысының бірі – Валерий Андроник сүбелі ойын өрнегімен көрінген бірден-бір футболшы. Кезінде Румыния мен Венгрияның чемпионы атанған Андроник ұлттық Молдова командасының негізгі құрамына тұрақты шақыртылып тұрады. Осындай жетістіктерге бекер жетпегенін Қазақстан футбол алаңдарында дәлелдеп келе жатқан Валерий 7-голдың авторы. «Локоның» орталық шебінде еркін көсіліп жүрген сырт футболшы жергілікті жастарға да аз өнеге, тәлім көрсетпеді. Ел чемпионының қосынына қосылған Боно қырағы бапкер Владимир Мұқановтың сенімін ақтап жүр. Головской мен Хайруллиндерді негізгі құрамнан ысырып шығарған жартылай қорғаушы әлі-ақ «Ақтөбені» алға сүйрер деген үміттеміз. «Атыраудың» басты күшіне саналатын грузиялық Георгий Пейкерешвили де осал аяқдопшы емес. Ойын ұйымдастыру мен әріптестеріне рухани күш беруден танбайтын Қап тауының өкілі батыстық клубтың айнымас футболшысы. Сонымен қатар украиналық Артем Касяновсыз «Ордабасы» ойынын көзге елестету қиын. Негізі командалар сапындағы көп жартылай қорғаушылар Сербиядан келгендер. Көбісі біздің аяқдопшылардан айырмасы жоқ, тең деңгейлі шеберлер. Кейде осылар, әйтеуір бес легионердің орнын толтыру мақсатында шақырылғандар екен деп қаласыз. Шабуылшылар Шабуылшының негізгі мақсаты гол ұрып, командасына жеңіс сыйлау екенін ескере отырып бағамдайтын болсақ, 9-доп соққан бомбардир – Георгий Даскалов. «Ертіске» маңызды ұпай әкеліп, жанкүйер қуантып жүрген болгариялық жігіт физикалық қабілетін толығымен пайдалана алатын шебер. Дәл осындай көрсеткіш тіркеген Молдова ұлттық құрамасының шабуылшысы Игорь Бугаев «Локомотивтің» бағына келгендей екен. Басында қорғаушы болып бастаған Алдин Джидич те оң қырынан көріне білді. Өз мүмкіндігін мүлт жібермейтін Босния футболының тәлімгері «Шахтер» қоржынына біршама ұпай салды. Айта кетерлігі, Алдин де ұлттық құрама сапында ойнаған. Ал айына 8 мың ақш долларын алатын Данило Беличтің бомбардирлік өнеріне өткен жылы көз жеткізгенбіз. Қазақ футболына еттері үйренген Ұлықбек Бақаев («Тобыл») пен Тити Эссомбаның биыл бағы жанар түрі жоқ. Камерун жастар құрамасының шабуылшысы болған Титиді Мұқанов бапкер жартылай қорғаныстың оң қанатына ауыстырғанын ескерсек – онда оған тағар мініміз жоқ. Дегенмен, «Атыраудың» армениялық легионері Тигран Карабхцян мен молдовалық шабуылшысы Виорел Фрунзенің, «Ордабасының» бразилиялық Вагнерінің осы күндері жергілікті жастардан еш айырмасы жоқ. Алаңға шығып жарытып гол да салмайды, командаға анау айтарлықтай пайда да әкелмейді. «Шахтер» шақыртқан Джимми Мулиса жайында көп айтамыз. Руанда ұлттық командасының бас шабуылшысы саналатын «қара маржан» әзірге толығымен Қазақстан футболына үйренісе алмай жатқан сыңайлы. Бірақ жылдам, техникалық арсеналы бай африкалық өзінің жай футболшы еместігін соңғы ойында дәлелдегендей болды. Ермұхамед Мәулен
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×