Әлемдік жұлдыздар Қазақстанда футбол ойнаудан неге бас тартады? Алматыға жаңа стадион керек пе? Дмитрий Огай қазақ футболының болашағы туралы айтты

18.09.2025, 19:15

Футбол бапкері Дмитрий Огай Алматыда халықаралық деңгейдегі жаңа стадион салу туралы жаңалықты қуанышпен қабылдады. Оның пікірінше, мұндай жоба ел футболын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам.

Әлемдік жұлдыздар Қазақстанда футбол ойнаудан неге бас тартады? Алматыға жаңа стадион керек пе? Дмитрий Огай қазақ футболының болашағы туралы айтты

“Бұл өте қажет жоба. Мұндай қажеттілік бұрыннан бар еді. Өкінішке қарай, қазір елімізде халықаралық стандарттарға толық жауап беретін стадиондар жоқтың қасы. Осы себепті біз әлемге танымал футболшыларды шақыра алмаймыз, олар мұндай жағдайда ойнаудан бас тартады. Еуропада стадиондар әлдеқашан заманауи талаптарға сай салынып қойған. Бізде Астанада ғана халықаралық деңгейге жақын арена бар, бірақ бұл жеткіліксіз.” – дейді Огай.

Оның айтуынша, Алматының Орталық стадионы тарихи маңызы бар нысан болғанымен, ол кеңестік кезеңде салынған. Қазіргі футболдың талаптары өзгерді, сондықтан жаңа арена табиғи көгалмен жабдықталып, FIFA мен UEFA стандарттарына сай болуы керек. 

“Көптеген танымал футболшылар жасанды алаңда ойнаудан бас тартып жатады, оның себебі түсінікті. Егер біз алға жылжып, жаңа жетістіктерге жеткіміз келсе, халықаралық талаптарға сай жаңа стадион қажет. Бұл жоба тек қала үшін ғана емес, бүкіл ел спорты үшін маңызды.” – деп түйіндеді бапкер.

Жобаның жоспарына сәйкес, жаңа стадион Алматының Кұлжа және Талғар тас жолдарының арасындағы 15 гектар аумақта бой көтермек. Арена 35 мың көрерменге арналған, UEFA-ның 4-санат талабына толық сай болады. Сонымен қатар, жоба құрамында заманауи жаттығу базалары, жанкүйерлерге арналған демалыс аймақтары, қауіпсіздік жүйелері және инфрақұрылымды дамыту шаралары қарастырылған.

Бұл бастама Мемлекет басшысының спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге аспақ. Сарапшылардың пікірінше, жаңа стадион Алматыны халықаралық жарыстардың орталығына айналдырып, қазақстандық футболға жаңа серпін береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×