Әли Әлиев:  Бізден шоу күтпеңіздер, ең бастысы нәтиже!

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев Лихтенштейнге қарсы ойын алдында журналистерге сұхбат беріп, ой-пікірімен бөлісті.

Әли Әлиев:  Бізден шоу күтпеңіздер, ең бастысы нәтиже!

- Әли Ханалиұлы, Лихтенштейнмен ойынға дайындық барысы қалай? Командадағы атмосфера, жаттығу барысы бәрі жақсы ма?

Ә.Әлиев: Уэльспен ойыннан кейін киім ауыстыру бөлмесінде футболшылар нәтижеге өкініш білдіріп, біразға дейін үнсіздік орнады. Жігіттер бұл кездесуде ұпай еншілейтін мүмкіндікті жіберіп алғандарына қатты өкінді. Жалпы команда психологиялық тұрғыда дайын болды. Тек, болмашы қателіктер жоспарымызды бұзды. Ертең жақсы ойын және оң нәтиже күтеміз. Футболшылар тас-түйін дайын.

- Қазақстан құрамасы ертеңгі ойында екі шабуылшымен және әдеттегідей 3 қорғаушы емес екі орталық қорғаушымен ойнайды ма?

Ә.Әлиев: Үш қорғаушымен ойнау қорғаныста жатып алу деген сөз емес. Бұл тактика. Италия құрамасы 3-4-3, Интер 3-4-3 жүйесімен ойнайды. Бұл әлемдік тәжірибеде бар тактика. Ұлттар лигасында екі орталық қорғаушымен ойнап, қандай нәтиже болғанын білесіздер. Әділбек Жұмахановты алаңға шығара алмағаным өзімнің де жаныма батады. Мықты қарсыласпен жас ойыншыны шайқасқа салып жібергім келмейді. Қос қапталдан Вороговский мен Тапалов шабуыл шебіне қосылуы керек. Иә, Уэльспен ойында өте қиын болды оларға. Ертеңгі қарсылас Лихтейнштейн деп мұрын шүйіруге болмайды. Рейтинг ол жәй ғана цифр. Мықты деген Бразилия құрамасының үлкен жарыстарда топжармағанына қанша жыл болды? Сондықтан, әр ойынға тыңғылықты дайындалып, тактикалық тұрғыда қарсыластан басым түсу керек. Әдемі ойнап ұтылған жақсы ма, әлде сауатты ойнап жеңіске жеткен жақсы ма? Жанкүйерлерге де, бапкер ретінде маған да ең бастысы үш ұпай керек! Бізден шоу күтпеңіздер, ең бастысы нәтиже!

- Алдағы ойында жеңіске жетсек, ұлттық құрамада қаласыз ба? Жалпы басшылықпен осы жайында сөйлестіңіз бе?

Ә.Әлиев: Мен бұл мәселеге бас қатырмаймын. Мені сенім артып шақырды. Мен ұлттық құрама үшін жан-тәніммен беріліп жұмыс істеймін. Және қаламын ба, кетемін бе оны басшылық шеше жатар. Менің мақсатым командамен жақсы нәтиже көрсету.

- Уэльспен ойында жіберілген үш голға да Асхат Тағыбергеннің қатысы болды деген жанкүйерлер ренішін білдірді. Асхатпен сөйлестіңіз ба, қандай шешім қабылдадыңыз?

Ә.Әлиев:  Әрине, Асхатпен сөйлестім. Оған үлкен қысым болды. Бұл ойыннан тыс та ыңғайсыз әңгімелер айтылды. Оған да оңай емес. Бірақ, үш голдың бәрінде Асхаттың кінәсі бар деуге келіспеймін. Иә, қателесті. Жағдайды құтқаруға мүмкіндік бар еді. Қазір кінәліні іздеп отыратын уақыт емес. Бізге Лихтейнштейнді ұту керек. Одан кейін барып барлығын саралап, бір шешімге келетін боламыз.

- Уэльспен ойында орталық жартылай қорғаныс шебіне екі ардагер ойыншы негізгі құрамда алаңға шықты. Біздің елде шынымен осы позицияда жақсы футболшы табу қиын ба?

Ә.Әлиев: Өте орынды сұрақ! Иә, бұл футболшылар таңдауда ең қиын позиция болып тұр. Зайнутдинов жарақатына байланысты ойынға қатыса алмайды. Тіпті, Жуковтың өзі құрамаға жеңіл жарақат алып келді. Дәрігерлер штабы Георгийге әлі де екі күн демалыс беруді сұраған. Бірақ, Жуков өзі табандылық танытып, осы матчқа шығуға ниет білдірді. Және жарақытана қарамастан бар-күш жігерін салды. Дегенмен, екі ардагеріміз өте нашар ойнады дегенге келіспеймін. Асхаттың Самародовқа 40-50 метр жерден асырған тура пастарын қазіргі таңда ішкі чемпионатты бірде-бір орталық шепте ойнап жүрген қазақ футболшысы дәл олай бере алмайды. Әділет Сәдібеков бар еді. Ол да жарақатына байланысты қатардан шығып қалды. Біз оны асыға күтіп жүрміз. Мойындау керек, қазір ұлттық құрамада жасартуды қажет ететін позиция осы болып тұр.

- Лихтенштейнмен ойында не күтейік? Нәтиже бола ма?

Ә.Әлиев: Нәтиже күтіңіздер! Мен өзімді қорғаштамаймын. Мен жігіттерге сенемін. Олар алға қойған мақсатты орындауға қауқарлы. 20 миллион халық бізге қарап отыр. Ешбір ойыншы ұлттық құрамаға жәй әшейін келген жоқ. Бәрі ұлттық құраманың жейдесінде жан алысып, жан берісуге дайын. Сондықтан, жақсылыққа сенейік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×