
Vesti.kz порталы бас бапкер Әли Әлиевтің құрама тізгінінде қалу-қалмауына қатысты материал жазып, толғап көрді.
Танымал сайт мақаласында бұл мәселедегі соңғы сөзді айтатын ҚФФ –ның қазақстандық маманның жұмысына көңілі толатындығы баса айтылған.
«Әу баста Әлиевке ӘЧ-2026 іріктеуіндегі Уэльс пен Лихтенштейнге қарсы ойындардан 4 ұпай еншілеу жүктелген. Қазақстан құрамасы Вадуцте басым болғанымен, Кардиффте жеңіліске ұшырағаны белгілі. Десе де, ҚФФ басшылығының Әлиев бастаған бапкерлік құрам жұмысына көзқарасы түзу секілді. Бас бапкер Түркия жерінде өткен екі оқу-жаттығу жиындарындағы жұмысымен және де еңбекқорлығымен тәнті еткендей.
Олар Әлиевтің жұмысынан бір жаңалық пен жүйелілікті байқады. Сондай-ақ, қазақстандық маманның футболшыларға қойған талабы мен құрамды сатылап жасартып-жаңартуы да жылы қабылдануда. Сондықтан, Әли Ханәліұлының ұлттық команда тізгінінде қалуы мүмкіндігі жоғары», - делінген материалда.
Айта кетейік, кеше Қазақстан құрамасы сырт алаңда Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңді. Ұлттық команда сапынан Максим Самородов пен Александр Марочкин мергендік танытқан болатын. Енді Әли Әлиевтің шәкірттері 9-маусымда өз алаңында Солтүстік Македонияны қабылдайды. Одан кейінгі кездесу қыркүйектің төртінде Уэльске қарсы өтпек. Бұл матч та Қазақстанның алаңында болады. Әзірге ұлттық құрама екі турдан кейін 3 ұпаймен үшінші сатыға жайғасқан.
Біздің серіктес: FONBET