
Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Әлиев Meta-ratings.kz-ке Лихтенштейнмен болған кездесудегі Дастан Сәтпаевтың өнеріне байланысты өз ойын айтты.
Айта кетейік, кеше Қазақстан құрамасы сырт алаңда Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңді. Ұлттық команда сапынан Максим Самородов пен Александр Марочкин мергендік танытқан болатын. Енді Әли Әлиевтің шәкірттері 9-маусымда өз алаңында Солтүстік Македонияны қабылдайды. Одан кейінгі кездесу қыркүйектің төртінде Уэльске қарсы өтпек. Бұл матч та Қазақстанның алаңында болады. Әзірге ұлттық құрама екі турдан кейін 3 ұпаймен үшінші сатыға жайғасқан.
«Біз Сәтпаевтың, Чесноковтың, Самородовтың жылдамдығын ескердік. Бұлардың барлығы жылдам ойыншылар. Кенжебек те қосалқы құрамнан шығып, ойынға ырғақ қосуға міндеттелген. Ал Дастан қарсыластың орталық қорғаушысына қысым көрсетуге тиіс болатын. Ол небары 16-ақ жаста, сол үшін оған кей сәттерде ересек футболшыларға қарсы ойнау қиындық туғызды. Бірақ, Дастан матч алдындағы тапсырманың барлығын орындады. Өкінішке қарай, гол соғатын мүмкіндік таба алған жоқ, десе де оның жауапкершілігі мен жаттығуда жанын салатын еңбекқорлығына ризамыз. Матчты негізгі құрамда бастауға лайық және соны өзінің ойынымен дәлелдей алды», - деген Ә. Әлиев.
Дастан Сәтпаев кешегі Лихтенштейнге қарсы ойында тұңғыш рет Қазақстан сапында матчты негізгі құрамда бастап, 77 минут өнер көрсетті. Уэльспен болған бәсекеде «Челсидің» шабуылшысы ойынға қосалқы құрамнан қосылып, соңғы 20 минутта доп тепкен болатын. ҚПЛ-2025-те Сәтпаев «Қайрат» сапында екі кездесуге қатысып, бір голдың авторы атанды (Астананың қақпасына - 1:1).
Біздің серіктес: FONBET