
Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Әлиев ӘЧ-2026 іріктеуінің аясында өткен қос кездесуден кейін Meta-ratings.kz-пен ұлттық команданың алдағы ойындарға дайындығы, матчтардың кестесі мен футболшылардың ойын тәжірибесінің маңызы туралы ойымен бөлісті.
«Егер Лихтенштейнмен бірінші, ал Уэльспен кейін ойнағанымызда, кей сәттерді басқаша жоспарлауға болатын еді. Уэльсті біз алдын-ала зерттедік – осыдан төрт ай бұрын олардың ойынын талдап тастағанбыз. Әрине, Уэльс Солтүстік Македонияны ұтып, македониялықтарды өзіміздің алаңымызда қабылдасақ деп едік. Бірақ, Жаратқанның оқиғалардың қалай өрбуіне байланысты өз жоспары бар ғой.
Ұлттық құраманың ойындары алдында ішкі біріншіліктің тоқтатылуына қарсымын. Бізде өзінің клубтарында жеткілікті ойын тәжірибесін ала алмай жүрген футболшылар бар. Егер олар ол жақта үнемі өнер көрсетсе, бізге анағұрлым жеңіл болатын еді. Оқу-жаттығу жиындарында 4 бәсеке өткіздік және әсіресе Кюрасаомен болған ойын дұрыс жолда екенімізді көрсетті. Алайда, өзара түсіністік болмай, ойын тәжірибесінсіз кездесуге үш күн қалғанда жиналатын болсақ, еуропалық құрамаларға қарсы өнер көрсету өте қиын түседі», - деген еді отандық маман.
Айта кетейік, кеше Қазақстан құрамасы сырт алаңда Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңді. Ұлттық команда сапынан Максим Самородов пен Александр Марочкин мергендік танытқан болатын. Енді Әли Әлиевтің шәкірттері 9-маусымда өз алаңында Солтүстік Македонияны қабылдайды. Одан кейінгі кездесу қыркүйектің төртінде Уэльске қарсы өтпек. Бұл матч та Қазақстанның алаңында болады. Әзірге ұлттық құрама екі турдан кейін 3 ұпаймен үшінші сатыға жайғасқан.
Біздің серіктес: FONBET