«Қызыл-Жардың» бас бапкері Әли Әлиев «Астанаға» қарсы өткен ойын туралы пікірін айтып, петропавлдық клубтың қақпашысы Вадим Петровтың шеберлігін бағалады.
«Бүгін бірнеше қауіпті соққыны қайтарған қақпашымызға ерекше алғыс айтқым келеді. Ол бүгінгі кездесуде 11 метрлік айып добын қайтарып, шеберлігін паш етті. Вадим Петров аянбай тер төгіп, шеберлігін шыңдаған жағдайда, ұлттық құрамаға үміткер болаа алады деп есептеймін. Ол өте білікті ойыншыға айналуы мүмкін. «Астанадай» командаларға қарсы кездесулердің өзінен салқынқандылығы байқалады. Ал жалпы айтар болсам бүгін біз өзіміздің мүмкіндігімізден әлдеқайда төмен өнер көрсеттік. Мұның обьективті себептері де бар шығар. «Астананы» жеңісімен құттықтаймын және Конференциялар Лигасының топтық кезеңінде сәттілік тілеймін», - деген еді қазақстандық бапкер.
«Қызыл-Жар» премьер-лиганың 20 турынан кейін оныншы орынға жайғасқан. Петропавлдық клубтың қоржынында 19 ұпай бар. Әли Әлиевтің командасы келесі турда сырт алаңда «Тұранмен» жолығады. Бұл матч жексенбіге жоспарланған. ҚПЛ-де әзірше көш басында «Ақтөбе», ал турнирлік кестенің ең төменгі сатысында тоғыз ғана ұпай жинаған қарағандының «Шахтері» тұр.
Біздің серіктес: FONBET