Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев өзінің күтпеген тағайындалуы туралы айтып берді. Ол “Qazsport” арнасына берген сұхбатында ұсынысты қалай қабылдағанын және қандай мақсат қойылғанын ашық жеткізді.
Әлиевтің айтуынша, ұлттық құрама тізгінін ұстау туралы ұсыныс ол үшін тосын болған. “Маған ұсыныс түскенде, ол күтпеген жағдай болды. Сол сәтте маған: бүгіннен бастап Қазақстан құрамасын қабылдап, жасарту керек, әр ойында бар күшін салатын команда құру қажет, жаңа есімдер қажет деген міндет қойылды.” – деді бапкер.
Әлиев ұсынысты бірден қабылдағанын жасырмайды. Оның сөзінше, мұндай мүмкіндіктен бас тарту кез келген бапкер үшін оңай емес:
“Бұл – кез келген жаттықтырушы үшін үлкен мәртебе. “Жоқ” деу өте қиын, себебі мұндай сенімнің бағасы жоғары.” – деп атап өтті ол.
Жаңа бапкердің басты ұстанымы – құраманы жасарту және әрбір ойынға соңына дейін күресетін рух енгізу. Бұл – қазіргі қазақ футболының ең өзекті мәселелерінің бірі. Жаңа есімдерге сенім арту арқылы ұлттық құраманың болашағын қалыптастыру көзделіп отыр.