Лихтенштейнмен ойынға 100 пайыз дайынбыз!

Қазақстан ұлттық құрамасы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында күні ертең Литейнштейнге қарсы ойын өткізеді. Матч алдындағы баспасөз мәслихатында Әділбек Жұмаханов пен Георги Жуков журналистерге сұхбат берді.

Лихтенштейнмен ойынға 100 пайыз дайынбыз!

- Әділбек, Лихтеншейнге қарсы алаңға шығуға дайынсың ба? Жалпы биыл клуб ауыстырдың? Ол туралы не айтасың?

Әділбек Жұмаханов: Бұл ойын біз үшін өте маңызды. Бапкердің қойған тактикасы және соған сәйкес алаңға кімді шығаратыны ертең белгілі болады. Егер маған сенім артып жатса 100 пайыз дайынмын. Иә, биыл Елімай командасына ауыстым. Ойын тәжірибем жеткілікті. Сондықтан, өзіме деген сенімділік бар.

- Георгий, Қытай чемпионатынан кейін Еуропа футболына оралу қиын. Өзіңізге кәсіби тұрғыда деңгейіңізді сақтап, Польша біріншілігінде ойнап кету қиынға соққан жоқ па?

Георгий Жуков: Ең біріншіден ол әр футболшының өзіне байланысты деп ойлаймын. Тынбай жаттығып, спорттық режим сақтап, кәсіби тұрғыда дайындалсаң қайда ойнасаң да ешқандай қиындығы жоқ. Бірақ, мен жаңа маусым алдында тыңғылықты оқу-жаттығу өткізбедім. Ойын тәжірибем де аз болды. Сондықтан, осы жағынан әлі де 100 пайыз өз бабыма келе қойған жоқпын. Дегенмен, физикалық тұрғыда көп жаттығып, өз қалпыма келуге еңбек етіп жатырмын.

- Лихтейнштейн елінің халқы 40 мың ғана. ФИФА рейтингісінде 204 орында. Біз ресми ойындарда жеңіске жетпегінімізге 1 жыл болды. Сондықтан бүкіл қазақ елі сендерден жеңіс күтіп отыр. Бұл психологиялық тұрғыда қысым болып жатқан жоқ па?

Әділбек Жұмаханов: Ертеңге ойын жақсы өтеді деп ойлаймын. Бапкерлердің қойған тактикасын жүзеге асырып, алдынғы ойындардағы қателіктерден сабақ алып, ертең жеңісті жолымызға түсеміз деп сенемін.

Георгий Жуков: Ұлттық құрамада қысым үнемі болады. Бірақ, біз ертең жеңіске жетеміз деген үмітіміз бар. Және де барша қазақ жанкүйерлерінен қолдау күтеміз. Елімізді қуанту үшін барымызды саламыз. Дайындығымыз жақсы. Лихтенштейннен 3 ұпайды алып қайтамыз деген сенім бар.

- Георгий осыдан бірнеше жыл бұрын ұлттық құрамадан кеткеніңіз жөнінде қатты сөйлеп, мәлімдеме жасадыңыз. Жанкүйерлерден кешірім сұрағыңыз келмей ме?

Георгий Жуков: Мен ұлттық құрамадан кеттім деп айтқан жоқпын. Керісінше, мен шақырту күтіп жүрдім. Бірақ, мені шақырмай келді. Осы күнді ұзақ күтіп, енді міне қайта оралып жатқаныма қуаныштымын. Қытайда карантин болған жылдары бізді елден шығармаған кез болды. Оған енді менің кінәм жоқ шығар ойлаймын. Сондықтан, мен ұлттық құрамаға қайта алған бас бапкерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Егер, мен Сіздерді ренжітіп қойсам, кешірім сұраймын. Мен үшін ұлттық құрамада ойнау мәртебе.

- Сіздің төлқұжатыңызда мәселе бар деген ақпарат тарап еді. Оған дейсіз?

Георгий Жуков:  Егер менің төлқұжатымда мәселе болса мен бұл жерде отырмас едім. Сондықтан, ешқандай мәселе жоқ. Төлқұжат ол оңай ала салатын қағаз емес. Басты мақсатым ұлттық құрамаға көмегімді тигізсем деймін. Уэльстен кейінгі матчтан кейін әлеуметтік желіде маған қолдау білдіріп, оралғаныммен құттықтап жатқан жанкүйерлер көп болды. Барлығыңызға ризашылығымды білдіремін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×