Лион ойыншылары физикалық тұрғыда мықты. Бірақ Бавария.....

Байділдә Жандос
Бас редактор
20.08.2020, 01:44
Бавария-Лион матчы жайлы.
Лион ойыншылары физикалық тұрғыда мықты. Бірақ Бавария.....

Бүгін түнде УЕФА чемпиондар лигасының тағы бір финалисін анықтаймыз. Көпшілік алдын-ала финалға шығатын команданы анықтап қойған сияқты. Кімді кездестірсең де, кіммен әңгімелессең де айтатыны: «Бавария жеңеді ғой, Лионның екі аяғын бір етікке тығады ғой, жәй уақыт еншісіндегі дүние ғой». 

Шынымды айтсам, мен де Бавария-ПСЖ финалын көргім келеді. Финалда ТОП ойыншылары бар, қаржылық жағдайы да қарайлас, амбициясы жоғары командалар ойнаған дұрыс. 

Ювентус пен МанСитиді жарыстан тайдырған Лионға бүгін де үміт артуға да болар еді. Бірақ, бұ жолы емес. Ювентус онсыз да тоқырауда жүрген команда еді. Ал, Ситимен болған ойында Руди Гарсияның аздап жолы болды және тактикалық тұрғыда да Ситиге дегенін істеуге мүмкіндік бермеді. Де Брюйненің ашылып ойнауына жол бермей, Пеп Гвардиоланың командасы көбіне бір ойыншының көсіліп ойнауына тәуелді екенін көрсетіп берді. Ойыншылардың физикасы өте мықты, тактикалық тұрғыда да жақсы жайғаса алады. Шабуылдаса 3 қорғаушымен артты торып қалады, қорғанса 7 ойыншымен өз айып алаңына жинала қояды. Руди Гарсияның кез келген демей-ақ қояйын, бірақ тыңнан қосқан ойыншылары көп жағдайда нәтиже алып келеді. 

Бірақ, Бавария бөлек. Жыл басында болған бір олқылықтан соң жеңіліс көрмеді. Өз тобынан 100% көрсеткішпен шықты. Топтық кезеңде сырт алаңда Тоттенхэмді 7-2 есебімен ұтқаны бар. Одан кейін плей-офф кезеңінде Челсиде екі ойында 7-1 есебемін тас-талқан етті. Барселонамен болған матчта не істегені естеріңізде. 8-2 деген есеп Барселона үшін былтырғы Энфилдтегі жеңілістен де ауыр тиді. 

Бавария соңғы 10 ойында (ресми матчтар) 37 гол салыпты. Шамамен әр матчта 3,7 голдан. Аяушылық атымен жоқ. Команданың осал тұсын таппайсың. Допты тартып алу - дер кезінде шабуылға көшу. Команданың жеңістен тұратын сериясы бүгін түнде 20-ға жетеді. Керемет көрсеткіш. Арада талай маңызды матч болды, бәрін бет қаратар емес. 

Білем, футбол сенсацияға толы спорт. Бірақ, осы жолы Лион айды аспанға шығарып, Баварияны жарыстан тайдырады дегенге сену қиын. ЛЧ жартылай финалында бұрын-соңды фаворит команданың жеңісіне букмекерлік кеңселердің 1,26 коэффициент бергені есімде жоқ. Бүгін букмекер біткен Баварияның жеңісіне кәміл сенеді. 

Жалпы, Баварияның қазіргі халіне бас бапкердің де қосқан үлесі зор. Әрине, футболға жаңалық алып келген жоқ. Бірақ, командада мотивациясынан айрылған кей жігіттердің сенімін оятты. Ханси Флик бұрынғы бапкер Нико Ковачтың сенімінен шығып қалған Боатенг, Мюллер сияқты команданың ардагерлерін қайта қатарға қосты. Клуб ішінде шын мәнінде ротация күшейді. Содан Баварияның ойыны гүлдеп сала берді. Батыл прессинг жасап, алаңның кез келген нүктесінде үстемдік құрды. Тек топырлатып гол салып қана қоймай, қорғаныста да өте сақ ойнайды.

Әрине, Лион тас-талқан болып ұтылмас. Басында айтып өткенімдей, команда ойыншылары физикалық жағынан өте мықты. Оның үстіне, бәрі Баварияға алдын ала жеңіс сыйлап, Лион артық қысымнан арылды. Жеңілсе жер көтерер, алда-жалда жеңіп кетіп жатса, онда финалда да екіленіп ойнайды. 

Бұл бір матчтан тұратын плей-офф. Бірақ, соған қарамастан 5 ойыншаға дейін алмастыруға болады. Лион мен Баварияның «скамейкасын» салыстырып қараңыз. Баварияның стартқа іліне алмай жүрген ойыншылары да өзара команда құрса, ұзаққа шабатын шамасы бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×