Лионель Месси: Кубокты көтергеннен артық бақыт жоқ

22.10.2011, 05:16
Лионель Месси: Кубокты көтергеннен артық бақыт жоқ
Испанияның Ла Лигасы аясында бүгінге дейін жеті кездесу өткізген «Барселона» қарсыластар қақпасын 26 рет дәл көздеп үлгеріпті. Ал өз қақпаларына небәрі 4 доп жіберіп алған. «Барселонаның» абыройын аспандатқан 26 доптың 10-ын аргентиналық сұрмерген Лионель Месси соқты. Мұның сыртында ол әріптестеріне гол соғуға бес рет «пас» берген. Футбол ойынының қыры мен сырын шебер меңгерген Мессидің «FourFourTwo» журналына берген сұхбатын  ұсынғанды жөн көрдік. – Лео, соңғы маусымда «Барселона» жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Мысалы, Ла Лига мен Испания Суперкубогы және Чемпиондар лигасы. Мұндай толассыз жеңістерге жетудің сыры неде? – Соңғы маусымдағы жетістік-терімізге өте қуаныштымын. Ла Лига мен Испания Суперкубогын қанжығамызға байлағаннан кейін Чемпиондар лигасында жеңіске жетуіміз көңіл-күйімізді көтеріп тастады. Командамыздың ойын тәсілі өзгелердің де қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Әрі сол қарқынмен ойын үлгісін көрсетудің өзі зор мақтаныш. Өзіндік тәсілі қалыптасқан команда сөзсіз жеңіске жетеді. Әзірше біздің басқалардан артықшылығымыз осы. – «Уэмбли» стадионында өткен Чемпиондар лигасының финалдық ойынын еске түсіріп көрсек. – «Манчестер Юнайтед» командасымен болған кездесу оңай соққан жоқ. Англияның футбол мәдениеті жақсы дамыған, аяқдопқа ерекше ықыласпен қарайтын ел екені де белгілі. Футболшылардың ойын шеберлігі өте жоғары. Оған қоса, «МЮ» шабуылдаушы клубтардың бірі және ойыншыларының барлығы бір-бірін жақсы түсініп, керемет ойнайды. Финалдағы ойын көбіне біздің бақылауымызда болды. Соның нәтижесінде жеңіске жеттік. – Жеңіс голын соғу әлі күнге дейін мақтаныш шығар? – Мен үшін әрбір соғылған доптың өз ерекшелігі бар. Десек те, «Уэмблидегі» гол соңғы маусымда соққан доптарымның кереметі дей аламын. Себебі, сол гол арқылы «Барселона» Чемпиондар лигасының төртінші жеңісіне қол жеткізді. – «Барселона» сапында доп теуіп жүргендердің басым бөлігі «Ла Масия» мектебінің түлектері. Клуб туралы бірер сөз айта отырсаң? – «Ла Масия» ұзақ жылдар бойы талантты жастарды дайындап келеді. Қажырлы еңбектің нәтижесінде Хави, Иньеста, Кркич сынды хас шеберлерді футбол додасына араластырды. Уақытымыздың басым бөлігін осында өткізетіндіктен, барлығымыз бір-бірімізбен дос болып кеттік. Мұндай достық жаттығу, ойын кезінде айтарлықтай көмек береді. Бүгінгі жас – ертеңгі жұлдыз екенін жете түсінетін ел жастар футболына осылай көңіл бөлуі керек. – Биылғы маусымға дайындық-тарың қалай болды? – Команда соңғы маусымдағыдай үлкен қолдауға ие, ойыншылардың барлығы да шетінен жігерлі. Бұдан артық шабыттандыру керек емес деп ойлаймын. Футболда командамен бірге жеңіске жетіп, кубокты жоғары көтеріп тұрғаннан артық бақыт жоқ. – 55 ойында 53 доп соққан ойыншы некен-саяқ. Саған ойын маңызды ма әлде гол соққаның ба? – Адамның 100 пайыз мықты болуы мүмкін емес. Сондықтан да өз бойыңдағы кемшіліктерді түзеп отыруға тура келеді. Ең маңыздысы – командаңның жеңіске жетуі. Мен көп гол соққаныма емес, команданың жеңіске жеткеніне қатты қуанамын. Ал қалғаны кейінгі орында. – Өз бабыңды сақтап қалу үшін не істейсің? – Мені шабыттандыратын – күнде таңертең бақытты болып ояну. Жұмыста және жеке өміріңде жайдары жандармен жүздесу адамды шаттыққа бөлейді. Әрдайым күліп жүруге тырысамын. Осының бәрі өз қалпымды сақтауға көмектеседі. – Жасыл алаңда саған қарсы ойын тәртібі жиі бұзылады. Осындай жағдайда өзіңді қалай сабырға шақырасың? – Футбол – ойыншылардың бір-бірімен көп соқтығысатын спорт түрі. Жасыл алаңда маған ең ұнамайтыны – күш қолдану, шамасы жетпесе шалып құлату. Қолымнан келгенше футболды әдемі ойнауға тырысамын. Себебі, стадионға келетін жанкүйерлердің бізден күтетіні де осы. Жарақат туралы ойланбаймын да, ойланғым да келмейді. – Аяғына доп тисе жасындай жарқылдайтын Месси кейінгі кездері «фэшн модель»-ге айналып бара жатқандай… – Мен футбол ойнағанды жақсы көремін. Ал киім өзіңді жайлы сезінуге көмектеседі. Сондықтан да сәнді киінгенге не жетсін! – Киім таңдауда командалас-тарыңның көмегіне жүгінесің бе? – Барлығымыз да жақсы киім таңдай аламыз деп ойлаймын. Десек те, біздің ішімізде ең сәнді киінетін Джерард Пике. Ол өте сәнқой жігіт! – Әңгімеңе рахмет! Ағылшын тілінен тәржімалаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ «Нұр Астана»
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×