Литвалық спорт комментаторы және TV3 арнасының журналисі Мантас Красницкас "Жетісу" қорғаушысы Динмұхаммед Кашкеннің Қазақстан ұлттық құрамасына шақырылуына таңданысын жасырмады.
Ол Sports24.kz порталына берген сұхбатында футболшының Литвадағы кезеңін еске алды.
Красницкастың айтуынша, Кашкен Вильнюстің "Жальгирис” клубында жүрген кезде өз мүмкіндігін толық көрсете алмаған.
"Ол кезде Кашкен алаңға жиі шықпайтын. Клубтағылар арасында тіпті оны бас бапкер Владимир Чебуриннің сәттілік әкелетін талисманы деп әзілдейтіндер бар еді. Шынын айтсам, ол кеткесін мансабын аяқтайды деп ойладым, өйткені Литва чемпионатының өз деңгейіне де сай ойнай алмады.” – дейді журналист.
Сонымен қатар, Красницкас Кашкеннің бай отбасынан шыққанын айтып, сол себепті оның футболды тек хобби ретінде қабылдайтын шығар деген пікір білдірді.
"Әрине, қазір оның Қазақстан құрамасына шақырылуы мен үшін күтпеген жаңалық болды. Дегенмен, футболда бәрі мүмкін, мүмкін ол соңғы жылдары қатты еңбектеніп, мүлде басқа деңгейге көтерілген шығар.” – деп қорытындылады Литвалық маман.