"Ливерпуль" биылғы Премьер лигада өз алаңында ең көп ұпай жинаған команда атанды — 36 ұпай.
Арне Слот шәкірттері 2025 жылы Энфилдте өткен 15 ойынның 11-ін жеңіп, 3 рет тең түсіп, небәрі 1 мәрте жеңіліске ұшыраған. "Манчестер Юнайтедтен” жеңілгеннен кейін “Қызылдар” жылдам ес жиып, өз алаңында қатарынан екінші рет ұтылмау дәстүрін 2021 жылдың наурызынан бері сақтап келеді.
"Ливерпуль” АПЛ-дегі жеңіліс жолын тоқтатып, "Астон Вилладан” 2:0 есебімен басым түсті. Бұл кездесуде Мохамед Салах пен Райан Гравенберх көзге түсті. Қарсылас соңғы уақытта жақсы формада болғанымен, “Қызылдар” өз жанкүйерлері алдында сенімді ойнап, көптен күткен жеңіске жетті.
Бұл нәтиже "Ливерпульге” турнир кестесінде үшінші орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Олар қазір екінші орында тұрған "Борнмутпен" ұпай теңестіріп, ал көшбасшы "Арсеналдан” жеті ұпайға қалып келеді. Алда "Манчестер Ситимен" маңызды матч күтіп тұр.
Осы кездесуге дейін Слоттың командасы Премьер лигада төрт ойын қатарынан жеңіліп, жалпы алғанда соңғы жеті матчтың алтауында ұтылған еді.
Арне Слот өткен Кубок ойынында ("Кристал Пэласпен” 0:3) құрамды айтарлықтай өзгерткен болатын — тек Энди Робертсон мен Алексис Мак Аллистер ғана екі ойын қатарынан негізгі құрамда шықты.
Ал бүгінгі матчтың басты кейіпкері — Мохаммед Салах. Египеттік жұлдыз "Ливерпуль" сапындағы 250-ші голын соғып, клуб тарихында осындай межеге жеткен үшінші ойыншы атанды. Бұған дейін бұл көрсеткішке тек Роджер Хант (285) пен Ян Раш (346) қана жеткен болатын. Сонымен қатар, Салах Премьер лига тарихында бір клуб сапында ең көп гол мен пас үлесін қосқан футболшылар тізімінде Уэйн Рунимен теңесті (276 нәтижелі әрекет).