“Ливерпуль” жеңілістер сериясын тоқтатты. Арне Слоттың Салахқа жасаған тәуекелі өз жемісін берді

23.10.2025, 09:30

Англиялық "Ливерпуль" өз тарихындағы ең сәтсіз кезеңдердің бірін тоқтатты. Чемпиондар лигасында "Айнтрахт Франкфуртке" қарсы матчтың алғашқы жартысында 0:1 есебімен ұтылып жатқан команда екінші таймда камбэк жасап, 5:1 есебімен жеңіске жетті. 

“Ливерпуль” жеңілістер сериясын тоқтатты. Арне Слоттың Салахқа жасаған тәуекелі өз жемісін берді

Бұл нәтиже Арне Слоттың командасы үшін аса маңызды болды, себебі "Ливерпуль" 1953 жылдан бері қатарынан бес матчта жеңіліп көрмеген еді.

26-минутта Расмус Кристенсен Неміс клубын алға шығарғанда, “Ливерпуль” фанаттары бір сәтке үнсіз қалды. Алайда одан кейін қонақтар толығымен басымдықты өз қолына алды. Хюго Экитике мен Коди Гакпо нәтижелі шабуылдардың авторына айналды. Бұдан бөлек, қорғаушылар Вирджил ван Дейк пен Ибрагима Конате стандарттық жағдайлар кезінде гол соғып, есепті еселеді.

"Франкфурт”  қорғанысының әлсіздігі көзге ұрып тұрды. Кей сәттерде олардың ойыны Ағылшын Чемпионшип деңгейіндегі клубтарды еске салды. Слоттың шәкірттері қарсыластың қателіктерін тиімді пайдаланып, көптен күткен сенімді жеңіске қол жеткізді.

Бұл кездесуде ең үлкен назар — Мохаммед Салахтың алаңнан тыс қалуына ауды. Египеттік жұлдыз матчтың 73 минутында орындықта отырды. Көпшілік Арне Слоттың бұл шешімін тәуекел деп бағалады, себебі Салах секілді ойыншы үшін мұндай қарсыласпен ойнау — голдық сенімді қайта табудың тамаша мүмкіндігі еді.

Дегенмен, бапкер жаңа жазғы трансферлерге — Александр Исак, Флориан Вирц және Хюго Экитикеге мүмкіндік беруді жөн көрді. Исак тағы да жарақатына байланысты ерте алмастырылды, бірақ Вирц пен Экитике өз мүмкіндіктерін толық пайдаланды. Вирц Ливерпуль жейдесіндегі алғашқы нәтижелі пасын берсе, Экитике бұрынғы клубы "Франкфуртке” қарсы гол соқты.

Жеңіске қарамастан, "Ливерпульдің” қорғанысындағы әлсіз тұстар айқын байқалды. Қанаттардағы Конор Брэдли мен Джереми Фримпон жиі қателіктер жіберіп, қарсы шабуылдарға төтеп беруде қиындық көрді. Ортадағы Кёртис Джонс пен Доминик Собослаи жақсы ойнағанымен, қарсы прессинг кезінде жиі артта қалып отырды.

Арне Слот матчтан кейін:

"Команда соңғы күндері көп күш жұмсады. Кейбір ойыншылар әлі бабына толық кірген жоқ. Бірақ бүгін бізге дәл осындай жеңіс керек еді.” — деді.

Соңғы аптадағы сәтсіз нәтижелерден кейін бұл ойын клубтың рухын қайта көтерді. Қарсылас әлсіз болғанымен, жеңіс маңызды психологиялық серпіліс берді.

Салахтың алаңға кеш шығуы да команда ішіндегі тепе-теңдікті сақтауға бағытталған шешім ретінде қабылданды. Египеттік шабуылшының келесі матчта бастапқы құрамға оралуы әбден мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×