Англия чемпионатының 18-тур аясында “Ливерпуль” өз алаңында “Бернлиге” 0:1 есебімен есе жіберді. Матчтағы жалғыз голды 83 минутта Эшли Барнс пенальтиден соқты.
Осылайша “қызылдардың” “Энфилдтегі” 68 ойынға созылған жеңіліссіз сериясы үзілді. Клопптың шәкірттері өз алаңында үш жыл 273 күн бойы жеңілістің не екенін білмей келе жатыр еді. Ал бұл көрсеткіш бойынша рекорд лондондық “Челси” клубына тиесілі. Абрамович командасы 2004-2008 жылдар аралығында өз алаңында қатарынан 86 кездесуде қарсыласқа есе жібермеген.
Сонымен қатар “Ливерпуль” қатарынан төрт матчта гол соға алмай келеді. Бұл 2000 жылдың мамырынан бергі ең нашар көрсеткіш.
Клопп бандасының жеңіліссіз сериясына нүкте қойған “Бернли” 18 ойыннан кейін 19 ұпай еншілеп, 16-орынға жайғасқан. Ал мерсисайдтықтар 19 кездесуде 34 ұпайға қол жеткізіп, төртінші орында келеді.
Біздің серіктес: FONBET