Лобановский әруағы Киев аспанында қалықтап жүр

21.09.2011, 18:16
Лобановский әруағы Киев аспанында қалықтап жүр

Киевтегі бір күн

Оқырманға түсінікті болу үшін, алдымен мен өзімді таныстырып кетейін. Мен Бақытжан Руслан Бақытжанұлы және менің әріптестерім Тоқмамбетова Үміткүл мен Айдарханова Эльвира Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Тарих факультетінің 2-курс магистранттары шетелдік студенттермен тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша 1-семестрге Түркия Республикасына жолдама алдық. Оқуымыз Стамбул қаласында болғандықтан, Алматы-Стамбул бағытымен ұшатын әуе жолдарды іздей бастадық. Қыркүйек айында Түркияда туристтердің ең көп жүретін уақыты болғандықтан, Стамбулға бірден қатынайтын ұшақ болмады. Сол себепті Алматы-Киев-Стамбул бағытымен ұшатын Украинаның «АэроСвит» компаниясынан билет алып, жолға қамдандық. Өз басым Киев арқылы ұшатыныма іштей қуанып та келемін. Өйткені, 2012 жылы Польша мен Украинада болатын еуропа біріншілігінің іріктеу ойындарының бірін қабылдайтын осы-Киев!

Сонымен бізді туған-туысқан, жора-жолдастарымыз Алматы әуежайынан «Ақ жол» тілеп шығарып салды. Жарты жылға кетіп бара жатқан соң ба, іштей қобалжып та тұрдым. Бір кезде Киевке ұшатын жолаушыларға ұшаққа отыру басталды деп хабарлады. Қолымыздағы билетті қысып ұстап алып, өзімізбен бірге алған сөмкелерімізбен Украина әуе жолдарына қарасты «боинг-737» ұшағына жайғастық. Ұшақ іші кең әрі жарық екен. Ішіндегі бірінен кейін бірі әдемі украин стюардессалары өзіміздің еншімізге тиісті орынды нұсқап, бізді жайғастырды. Әне-міне дегенше әуеге де қалықтадық. Ақырын терезеге қарасам, Алматы алақандағыдай болып көрінді маған. Қаланың шеті Іле Алатауымен шектесіп жатқан биік шыңдарға «Қайта көріскенше қарт Алатау! Сау болып тұр әсем Алматы»-деп іштей айтып, көзімді жұмып жатсам, ұйықтап кетіппін. Көзімді ашсам, қасымдағылар тамақтанып отыр екен. Дәл алдымда тұрған сары шашты стюардесса қыз менің көзімді ашқанымды күтіп отырғандай, сіз тамақтанасыз ба деп күлімсіреп тұр. Ұйқылы ояу ия деген ишарат білдірдім. Аздап тамақтанып алған соң, ұшақ терезесінен қарасам, айналаның бәрі аппақ! Тіпті бір Гренландия немесе Антарктиданың төбесінен ұшып бара жатқандаймыз. Сонымен не керек, айналдырған бес жарым сағатта Шығыс Еуропаның астанасы Киевке жетіп қалдық. Ұшақта диспетчер бізге «Борисполь» әуежайына қонатынымызды мәлімдеді.

Қалың бұлтты жарып өтіп, Киев аспанынан бірақ шықтық. Айналаның бәрі қалың ормандар. Егін плантациялары. Қаладағы кептеліс те анық көрінеді екен. Міне, алып шаһарды екіге қақ айырып тұрған әйгілі Днепр өзені. Осы өзенді көргенде менің көз алдыма Ұлы Отан соғысы кезінде осы қала үшін болған шайқастар елестеп кетті. 1943 жылдың қыркүйек-қазан айлары. Днепр үшін шайқас! Днепр үшін шайқаста екі жақтан 4 млн адам қатысты. Ал майдан шебі 1400 шақырымға созылды. Гитлердің оң жақ жағалауы тік жар болып келетін Днепрде Кеңес әскерлерін тоқтатып, қарсы шабуылға шығамын деген жоспары іске аспады. Өзеннен өтуде кеңестік әскерлер ерліктің жоғары үлгісін көрсетті. Днепр үшін шайқаста 2438 кеңестік жауынгердің Кеңес Одағы батыры деген жоғары атаққа ие болғанының өзі көп нарсені аңғартады. Олардың қатарында қазақстандықтар, соның ішінде Украина мен Белорусия жерлерін азат етуде зор үлес қосқан Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов те бар еді. Өкінішке орай, Қасым батырдың ерлігі еленбей қалады. Десе де бүгінде оның ұрпағы жасаған ерліктерін ұмытпақ емес! Бағанадан бері маған қала сұп-сұр болып көрініп тұрған. Енді байқадым.  Қалаға батыстан қалың бұлт үйріліп, жауын жауайын деп тұр екен. Міне, әуежайларына да келіп қондық. Бірінен-кейін бірі ұшып-қонып жатқан үлкенді-кішілі ұшақтар! Заттарымызды алып әуе-жайға тіркелуге бардық. 3 қабаттан тұратын Алматы әуежайынан сәл кішірек әуежайға кірдік. Алғашында «Борисполь» әуежайы маған кішкентай болып көрінгенімен, кейін бақсам, осындай 3  қабаттан тұратын бірнеше әуежайды көрдім. Барлығы бір жерде орналасқаны болмаса, арақашықтықтары алыс. Сөйтсем, жан-жақтан ұшып келетін ұшақтардың қонатын терминалдары бөлек болады екен. Біз қонған терминал Орталық және Шығыс Азиядан келген ұшақтарға арналғанын кейін естідім. Тіркеуде ұзынсонар кезекте шаршаңқырап тұрсам, бір кезде темекінің сасық иісі басымды ауыртып жіберді.

Дәл арт жағымда бірнеше адам жиналып темекі тартып тұр екен. Оларға таңырқай қарап тұрғаным сол еді, тура сол жерде «темекі тартатын орын» деп жазылып тұр. Менің бір түсінбегенім, әуежай ішінде ешқандай қоршаусыз адамдар жүрген жерге неге былай жасағаны болды.  Сонымен тіркеуден аман-есен өтіп, Киевтегі 20 сағатымызды орынды өткізу мақсатымен, қаланың көрікті һәм тарихи жерлерін көруге бел байладық. Көңіл күйлеріміз көтеріңкі! Кімде-кім болмасын, Киевке алғаш келген адам алдымен атағымен жер жарған, Валерий Лобановский атындағы әйгілі «Динамо» алаңына барары хақ! Мен де футбол жанкүйері ретінде, оның үстіне дәл осы клубтың фанаты ретінде осы алаңға қарай бет алдым. Қасымда бірге жүрген қыздарға алаңға баратынымызды айтқанда, басында «оны қайтесің дегендей» еді, кейіннен барамыз деді. Әрине қыздарға футбол қызықтау болмаса да, сапарымыз бір болған соң, бірге жүрдік. Киев қаласының картасын алып, бірінші Борисполь қалашығына, одан кейін барып Киевке жол тарттық. Әуежай мен Киевтің екі ортасы 1 сағаттай уақытты алады екен. Қала шетіне жеткенде жергілікті тұрғындардан сұрастырып жатып, қала ортасына баратын метроға отырдық. Алып шаһар еуропа біріншілігіне дайындалып жатқанын мен бағана жолда көргем. Жаңадан салынып жатқан тегіс жолдар, биік ғимараттар және т.б. Бірақ, метролары тым ескі екен. Әлі де толық салынып бітпесе де, біз теледидардан көріп жүрген Алматының метросы су жаңа оның қасында! Сөйтіп, жер астындағы қараңғы қапаста біраз уақыт жүргеннен кейін, жер бетіне шыққанда Киевтің қара бұлтты аспаны көзімізді жасауратып жіберді. Міне, біз жоғарыда айтып кеткен Днепрдің үстінен көпір арқылы өтіп барамыз. Үлкен һәм қорқынышты болып көрінді маған. Осы өзенде көп қан төгілгені тағы да есіме түсіп, тұла бойым тітіркеніп кетті.

Жалпы бұл қала Ұлы Отан соғысы кезінде ең көп жапа шеккендердің бірі. Әрбір ағашы, әрбір тасы тарихтан сыр шертіп тұрғандай... Біз Тарас Шевченко даңғылындағы метро аялдамасынан түсіп қалдық. Көшеде жүрген адамдардан аяқ алып жүргісіз. Көпшілігі еуропалық стильде және өздерінің ұлттық нақышта тігілген бидай мен нан суреттелген көйлектерін киіп алған. Сондай-ақ, басым көпшілігі украин тілінде сөйлейді екен. Мне патриоттар! Тіпті бір-екеуінен тәуелсіздік алаңын (Майдан незалежності) Пушкин тілінде қайда орналасқанын сұрағанымызда, бізге жақтырмай қарап, жауап бермей кетіп қалды. Қолымыздағы картаға қарап жүріп, тәуелсіздік алаңын да тауып алдық. Бұл монумент біздің елордадағы тәуелсіздік монументіне ұқсайды екен. Ерекшелігі биік колоннаның үстінде біздегідей қалықтаған қыран құс емес, ағаш бұтақтарын аспанға көтеріп, тәуелсіздіктің белгісін көрсетіп тұрған қыз бейнесі. 2000-2001 жылдың қысында «Украина Кучмасыз» және 2004 жылы «қызғылт сары» революция осы Майдан алаңында болған. Суретке түсіп жүріп картаға үңілсем, «Динамо Киевтің» алаңы осы Майданға жақын екен.

Лобановский әруағы Киев аспанында қалықтап жүр

Бүкіл әлемді өзінің кереметтілігімен баурап алған, соғысқан елдерді бір-бірімен табыстырып, милиондаған жанкүйерлердің өміріне айналған, қай замандарда болмасын адамзат баласының ойлап тапқан ең асыл ойыны-футбол! Өзінің әдемі ойынымен күллі жұртты тамсандырған Динамо Киев туралы бірер ауыз сөз.

Көрікті көшелерді бетке алып, футбол алаңына келіп жеттік. Алаң сыртындағы кассада жүздеген жанкүйер жапа-тармағай билет алып жатыр. Ал жақын арада болатын ойын 2 күннен кейін «Иличевиц» командасымен екен. Бірақ, ойын бүгін болатындай көрінді. Сөйтсем, билетті күні бұрын алмаса таусылып қалатыны көрініп тұрды. Алаң алдында клубтың арнайы дүкені тұр. Ал оның қасында тау мүсінді әйгілі В.В. Лобановскийдің үлкен ескерткіші тұр. Қасына барып 1 минут үнсіз тұрдық. Нар тұлғаға үнсіз құрмет көрсеткеннен кейін тура алаңға бет алдық. Бірақ, клуб әкімшілігі бізді ішке кіргізбеді. Біз Қазақстаннан арнайы келіп отырмыз деп өтініш білдіргеннен кейін, 10 минутқа кіруге рұқсат берді. Осы уақытқа дейін мен осы алаңды теледидар және интернет беттерінен көргенімен, өз көзіммен көргенде басқаша болып шықты. Шағын болса да, өте ыңғайлы екен. Дәл осы алаңнан бұрыңғы Кеңестер Одағының чемпиондары өсіп-өніп шықты.

Динамо Киев дегенде В.В. Лобановский туралы айтпай кетпеуге болмайды. Тік мінезді ұлы бапкермен дәл осы клуб одақтық және еуропалық деңгейде көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтатын болсақ, КСРО-ның 8 дүркін чемпионы (1974, 1975, 1977, 1980, 1981, 1985, 1986, 1990), КСРО Кубогінің 6 дүркін иегері (1974, 1978, 1982, 1985, 1987, 1990), Кубоктер Кубогінің 2 дүркін иегері (1975, 1986) және УЕФА суперкубогінің иегері 1975 ж. Міне, бұл тек Динамо Киевпен ғана болған жетістіктер. Ол кісінің бары да, нары да осы клуб еді. Киев қаласында дүниеге келді. Жергілікті клубта тәлім алып, бар өмірін футболға, соның ішінде Динамо Киевке арнады. Мен де әйгілі Блохиндер, Шевченколар доп тепкен жасыл алаңның қақ ортасында тұрмын. «Жовто-блакитныйлар» елінің орталық стадионында! Дәл осы кезде еліміздің футболы есіме түсіп кетті. Қарап тұрсам, біздің Алматыдағы Орталық Стадион «Динамо» алаңынан 2 есе үлкен! Бірақ, біздің «Қайраттың» әр ойынына орта есеппен небәрі 1000-ақ адам келетін болса, мына жақта алаң лық толып отырады екен. Тіпті, ойынға кіре алмаған жанкүйерлер келесі ойындарға арнайы бірнеше билеттен алып қояды. Жасыл алаңда тұрып аспанға қарасам, қою бұлт үйріліп жерге жақындап қалғандай көрінді көзіме. Қалың бұлт арасынан қалың шаштарын артына қайырған, көзінде мұң бар бір бейне  алаңға бажырайып қарап тұрғандай. Қайдан ғана көріп едім десем, о тоба! Мынау Лобановский ғой! Жүрегім зу ете қалды.

Алаңнан шыққан соң, артыма қайта-қайта қарап, қимай кете бардым... Өзі осы клуб үшін өмірін соңғы күндерін берген адам емес пе? 2002 жылы 5 мамырда Запорожьеде жергілікті «Металургпен» өткізген ойында Динамо Киевтің бас бапкері Валерий Лобановский инсульт алып, 5 күннен кейін ауруханада көз жұмды. Бәлкім содан ба, туған стадионының аспанында Лобановский әруағы ұшып жүр. Сонымен не керек, Героев Днепра көшесімен кетіп бара жатсақ, «Узбекская чебуречная» деген асхананы көрдік. Бағана әуежай маңындағы асханадан ішкен украин борщі тарқап қалса керек, біз осы Орталық Азия халықтарына тән тамақтары бар өзбек ағайындардың тапшанына жайғастық. Балбырап піскен қой етін сап-сары палаудың бетіне әдемілеп тұрып тураған екен аспазшы! Біз жапа-тармағай бас салып, тойғанымызша жеп алдық. Тапшанда отырып, қызылкүрең ыстық-ыстық шай ішкеннен кейін, бетімізге қан жүгіріп, тіпті бір ұйқымыз келіп кетті. Бірақ, уақыттың тапшылығына орай, ұйқымызды ашып, Тимирязев көшесіндегі «Партизаньска паркіне» барып біраз отырдық. Сөйтіп жүргенде кеш те батты. Кешкі Киев қандай әдемі! Жұмыстан қайтып бара жатқан қала тұрғындары. Көшеде әр нәрсеге таңырқап жүрген өзіміз сияқты туристтер! Мыңдаған автокөліктер кептелістен қозғала алмай тұр. Қала у-шу! Біз қолымыздағы карта арқылы жақын маңдағы метростанциясын тауып алып, әуежайымызға қайта оралдық. Әуежайға келген соң, сақтау камерасынан жүктерімізді алып, бос орындардың біріне жайғаса отырып, Стамбулға ұшатын ұшағымызды таң атқанша күттік.

Міне, Түркияға оқуға барамыз деп, жол жөнекей Киевті де көрдік! Жалпы біздің ел мен Украинаның көптеген ұқсастықтары барын байқадық. Алдымен қос мемлекет те бұрыңғы Кеңестер Одағының құрамында болған елдер. Сонымен қоса қаланың салыну жоспары біздің Алматыға келеді екен. Сондай-ақ, біздегідей көлік кептелісі Киевте де әлі де толық шешімін таппаған сыңайлы. Және жоғарыда айтып кеткен Майдан алаңындағы биік мұнараның төбесінде қос қолымен ағаш бұтақтарын жоғары көтеріп тұрған қыз бейнесі. Дәл біздегі Астанадағы осындай ақ түспен боялған биік мұнара басында қанатын көкке самғап, әлемнің төрт бұрышына қарап, тәуелсіздіктің белгісін көрсетіп тұрған қыран құс сияқты! Тек сол тәуелсіздігіміз мәңгі әрі баянды болсын деп тілейміз...

Руслан БАҚЫТЖАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×