"Лос-Анжелес" Хавьер Эрнандеспен келісім-шартқа отырды

28.01.2020, 19:10
"Лос-Анжелес" Хавьер Эрнандеспен келісім-шартқа отырды

Футбол жанкүйерлеріне Чичарито деген лақап атпен танылған ойыншының Америка ұжымында қанша жалақы алатыны белгісіз. Себебі мексикалық футболшымен келісім «Давид Бекхэм ережесі» бойынша жасалды. Яғни, клубтағы ең жоғарғы жалақыны тексергенде оның табысы есепке алынбайды. 31 жастағы шабуылшысының «Лос-Анжелесте» қанша уақыт доп тебетіні де белгісіз. Ақпарат құралдарының жазуынша Эрнандес Гэлаксидегі ғана емес, Америка футбол лигасындағы ең табысы жоғары ойыншы атанады. Тіпті ол Златан Ибрагимовичтен де көп жалақы алатын көрінеді.

-"Осы командаға келуіме үлес қосқан барлық жанға алғыс айтамын. Бұл клубқа қолымнан келген көмегімді аямаймын. Жаңа командаммен чемпионатта жеңіске жетуге өз үлесімді қоссам деймін", -дейді Хавьер Эрнандес.

31 жастағы шабуылшысы Мексика құрамасы сапында 109 матчқа қатысып, 52 гол салған. Чичарито футболдағы жолын 2006 жылы Мексиканың «Чивас Гвадалахара» клубында бастаған. Араға төрт жыл салып, атақты «Манчестер Юнайтедке» ауысты. Эрнандес ағылшын клубында 59 мәрте мергендік танытты. 2014 жылы ол Мадридтің «Реалына» жалға берілді. Хавьер Эрнандес бір жылдан кейін Германия «Байерімен» толыққанды келісім-шартқа отырды. Чичаритоның жасыл алаңдағы табысты жолы неміс Бундеслигасында өтті. Сосын Эрнандес Ағылшын премьер-лигасында «Вест Хэм» сапында ойнап, былтыр қыркүйек айында «Севилья» жейдесін киді. Шабуылшы испан командасында 14 матчқа қатысып, 4 доп соқты.

-"Өзіме деген сенімділікті қайтаруға тырысамын. Сол үшін көп гол соғуым керек. 20, 15, 10 доп соққым келеді деп ылғи айтып жүремін. Ең бастысы командамның жеңісіне үлес қоссам деймін. Егер өзімді ғана ойлап, жеке бастың мүддесіне басымдық берсем клуб жетістікке жете алмас еді",- дейді «Лос-Анжелес Гэлэкси» шабуылшысы.


«Лос-Анжелес» клубы Эрнандеспен бірге жетістікке жететіндеріне сенімді. Америка футбол лигасының бес дүркін чемпионы атанған команда Чичаритоға үлкен үміт артады. Мексика жігіті А сериясына оралған Златан Ибрагимовичті жоқтатпауы тиіс. «Лос-Анжелес Гэлакси» жаңа маусымдағы алғашқы ойынын 29 ақпанда өткізеді. Эрнандес бастаған команда «Хьюстонға» қонаққа барады. Ал өз алаңындағы бірінші матчы 7 наурызда өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×