"Барселонаның" шабуылшысы Луис Суарес командадан кетіп, мансабын Италияда жалғастыруы мүмкін.
Журналист Николо Шираның хабарлауынша, қазіргі кезде туриндік "Ювентус" 33 жастағы футболшының трансферімен айналысып жатыр және келіссөздер сәтті өтуде.
Суарес "Ювентусқа" тегін ауысуы мүмкін. Клуб уругвайлықпен 2023 жылдың жазына дейін келісімшарт жасасуға дайын. Келісімшартқа сәйкес, Луис бонустарды қоспағанда, бір маусымда 10 миллион еуро жалақы алатын болады.
Суареске "Пари Сен-Жермен" мен "Аякс" та қызығушылық танытуда, бірақ қазіргі уақытта "Ювентус" ойыншы үшін күресте олардан озып тұр. Суарес "Барселона" сапында 2014 жылдан бері ойнап келеді. Өткен маусымда форвард клуб деңгейіндегі барлық турнирлерде 36 матч өткізіп, 21 гол соғып, 10 нәтижелі пас берген.
Ал өз кезегінде Гонсало Игуаин "Ювентустан" кетуге дайын екен. Аргентиналық шабуылшы жақын арада "Интер Майами" клубымен келісімшартқа отыруы мүмкін.
32 жастағы шабуылшы "Ювентус" сапында 149 кездесу өткізіп, 66 гол соғып, 16 нәтижелі пас берген. Команда сапында Гонсало Италияның үш дүркін чемпионы атанды және екі рет ел кубогын жеңіп алды.
Клуб пен ойыншы өзара келісім бойынша келісімшартты мерзімінен бұрын бұзу туралы шешім қабылдады. Игуаинның қазіргі келісімшарты 2020/2021 маусымының соңына дейін есептелген.
Transfermarkt интернет-порталы Игуаиннің трансферлік бағасын 15 миллион еуроға бағалайды, форвардты сатып алуға "Ньюкасл" мен "Фулхэм" де мүдделі болғап еді.
Біздің серіктес: FONBET