Мадридтік «Реал» Америкадан Қытайға аттанды

05.08.2011, 22:05
Мадридтік «Реал» Америкадан Қытайға аттанды

Гуанчжоу әуежайында еуропалық суперклубты 2000-ға тарта жергілікті футбол жанкүйерлері күтіп алды. Қытайға толық құрамымен келген мадриттіктер футболсүйер қауым алдында ашық жаттығу өткізіп, түрлі шаралар ұйымдастырды. Сонау батыс Еуропадан ат терлетіп жеткен әлемге танымал аяқдоп шеберелерінің өнерін өз көздерімен тамашалаған қытайлық жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ. Осы сапарда корольдік клуб жергілікті командалармен екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетсек, «Реал» соңғы рет Қытайға 2005 жылы ат басын бұрған. Италияның бетке ұстар клубтары “Интер” мен “Милан” да Қытайды шарлап жүр. Соңғы жылдары футболға ерекше мән беріп жүрген аспан асты елі спорттың осы түрін дамыту үшін түрлі амалдарға баруда. Соның бірі Италия суперкубогы жолындағы ақтық бәсеке Қытай жерінде өткізілмек.

«Интердің» бас бапкері Джанпьеро Гасперини бұл кездесуге жарақатынан айыққан голландиялық жартылай қорғаушы Уэсли Снейдердің қатысатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Гасперини мен оның командасы осыдан екі жыл бұрын кеткен есені қайтаруды көздеп отыр. Бейжіңнің орталық стадионында осы күні жаттығуларын пысықтап жатқан интерліктер жеңіске жететіндеріне сенімді. “Интер” мен “Милан” арасындағы Суперкубок жолындағы матч тамыздың алтысына жоспарланған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×