Корольдік команда футболдан Әлем Чемпионатында ерекше көзге түскен Коста-Рика құрамасының 27-жасар қақпашысы Кейлор Наваспен 6-жылдық келісім-шартқа қол қойды. "Реалдың" ресми сайтында голкипер медициналық тексерістен кейін Астана уақытымен 17.00-де "Сантьяго Бернабеу" стадионында ресми түрде жанкүйерлерге таныстырылатыны туралы хабарлауда. Бақыттан басы айналған қақпашы болса өз сөзінде: "Коста-Рика халқы мұндай қуанышты жаңалықты естіп марқайып қалары сөзсіз. Ал команданың негізгі қақпашысы болу әрине өте қиын. Бірақ алты жылдық келісім-шарт болғандықтан, ең алдымен жаңа ұжыммен тез тіл табысып кету маңызды. Сонымен қатар, мен мұнда қосалқы құрамда ойнау үшін келмедім. Бар шеберлігімді паш етуге дайынмын", - деп ағынан жарылуда. Осыған дейін Навас "Левантенің" қақпасын абыроймен қорғап, 37 ойында 39 гол жіберіп алған. Сонымен қатар 17 кездесуде өз қақпасын голдан аман алып қалған. Мұндай жаңалық Испания құрамасының және "Реалдың" капитаны Икер Касильясқа ұнамасы түсінікті. Қандай жағдай болмасын, бәсеке артқан тұста сапаның да жақсаратыны бесенеден белгілі.