Магомед Адиев: «Біз аз сөйлеп, көп жұмыс істейтін командамыз»

04.06.2022, 05:46
Адиев бүгінгі матчты қорытындылап, Словакиямен болатын ойынға өзгеріс енгізетінін мәлімдеді.
Магомед Адиев: «Біз аз сөйлеп, көп жұмыс істейтін командамыз»

Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Ұлттар лигасы аясында Әзербайжанмен болған матч (2:0) жайлы пікір білдірді:

- Ойын жайлы қысқаша пікір білдірсеңіз...

- Ойынның басы біз үшін жаман болған жоқ. Біз допқа көп иелік етіп, ойынды өз бақылауымызда ұстадық. Бірақ 25-минуттан кейін көп қателесіп, концентрацияны жоғалтып алдық. Нәтижесінде қарсыласымыз қауіпті шабуылдар жасап, ойын тізгінін өз қолдарына алды. Жасаған ауысымымыз өз нәтижесін беріп, ойынымыз жақсара түсті. Ал екінші таймды өз пайдамызға шештік.

- Әзербайжан құрамасының бас бапкері Қазақстанның жолы болғанын айтты. Бұл пікірмен келісесіз бе?

- Әзербайжан бапкері матчқа дейін де, кейін де көп әңгіме айтты. Бірақ біз аз сөйлеп, көп жұмыс істейтін командамыз.

- Командаңыздың көрсеткен ойын мәнеріне көңіліңіз тола ма?

- Толықтай қанағаттанбадым. Ойынды жақсылап талдасақ, түзетуді қажет ететін эпизодтарды байқаймыз. Бұған дейін айтқанымдай, бірінші таймның соңы біз үшін сәтсіз болды, дегенмен үзіліс кезінде түзетулер енгізіп, екінші таймда бар мәселенің шешімін таптық. Алда Словакияға қарсы өтетін сырт алаңдағы матч күтіп тұр. Оңай болмайтыны анық, бізге аздап өзгеріс жасау қажет. Бұл матчқа арналған жоспарымыз да жоқ емес. Қарсыласқа қиындық тудыру үшін схемаға да аздап өзгеріс енгіземіз.

- Бауыржан Байтананы ойынға ене алмағандықтан ауыстырдыңыз ба?

- Олай айтпас едім. Бауыржанның ойын тағдырын шеше алатын, қауіпті шабуылдар ұйымдастыра алатын ойыншы ретінде көргіміз келеді. Үзіліс кезінде ойынға динамика енгізіп, қарқынды арттырғымыз келді. Оразов "қара жұмысты" жақсы атқарады. Мұны ойын элементі дегеніміз дұрыс болады.

- Беларусь құрамасының негізгі ойыншылары командаға келуден бас тартты. Оның үстіне олар өз алаңындағы матчтарын Сербияда жанкүйерлерсіз өткізеді. Осы жағдайды ескерсек, Сіздің Словакиямен болатын ойынға әлсіз құрамды шығарып, негізгі күшті Беларусь құрамасына жұмсау туралы жоспарыңыз бар ма?

- Олай жасамаймын. Біз ұлттық құрамамыз. Мұнда ел біріншілігіндегі үздік ойыншылар жиналған. Оларға: "Бұл ойында жүгірмей-ақ қойыңдар, бар күшті келесі матчқа саламыз" деп қалай айтамын?! Словакиямен ойында қандай нәтиже тіркелетінін білмеймін. Жеңіс үшін күресетін боламыз. Беларусь құрамасының ойыншылар тізімін әлі көрген жоқпын. Біздің де мықты футболшыларымыз алдағы матчтарда көсектесе алмайды. Біз ел намысын қорғап жүргендіктен, әр кездесуде барымызды салуға тырысамыз.

- Абат Айымбетов үмітті ақтады. Сіз үшін ол осы позициядағы негізгі ойыншы ма, әлде қарсыласқа байланысты Абатты таңдадыңыз ба? 

- Матч алдында ойыншыларды бірінші немесе екінші нөмірлі деп бөлмеуге тырысатынымды айттым. Біз таңдаған жігіттер қазір ұлттық құраманың намысын қорғауда. Барлығына сенеміз, бірақ таңдау жасауда қателеспеу керек. Айымбетов шығып, орталық шабуылшы қызметін атқарды. Еңбекқор жігіт, прессинг кезінде белсенділік танытты. Шушеначев сәл басқаша шабуылшы, оның өзіне тән ерекше қабілеті бар, нақтырақ айтсам, допты жақсы ұстайды. Біз белсенді түрде ойнап, қарсыласқа қысым көрсеткіміз келді, сондықтан таңдау Абаттың пайдасына жасалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×