Магомед Адиев: «Қарағандының келесі жылы еурокубоксіз қалатыны өте өкінішті»

29.11.2021, 16:42
Есесіне, петропавлдық «Қызыл-Жар» алғаш рет еурокубокте бақ сынайтын болады.
Магомед Адиев: «Қарағандының келесі жылы еурокубоксіз қалатыны өте өкінішті»

«Шахтердің» бас бапкері Магомед Адиев алматылық «Қайратқа» қарсы өткен Қазақстан кубогінің финалдық ойынына (3:3, пенальтилер сериясы - 8:9) қатысты пікір білдірді.

- Ең алдымен, «Қайратты» және әріптесім Құрбан Бекиұлы Бердыевті осындай үлкен жүлдемен құттықтағым келеді. Бұл команда еурокубок бәсекесінде Қазақстанның намысын қорғауда, мүмкін олардың Конференция лигасындағы жорығы сәтсіз болған шығар, сондықтан бұл жеңіс оларға соңғы матчта «Омонияны» ұту үшін серпін береді деп ойлаймын.

- Финалда жеңіске жетсеңіз, келісім-шартыңыз автоматты түрде ұзартылады деген әңгіме болды ма?

- Ондай әңгіме болған жоқ, бірақ бүгін көп нәрсеге тәуекел еттік. Команда, клуб, жаттықтырушылар штабы – барлығы Кубокті ұтып алғысы келді. Егер біз бастапқы кезеңде жеңіліп қалсақ, бұлай өкінбес едік. Қарағандының келесі жылы еурокубоксіз қалатыны өте өкінішті.

- Нәтижеге екі тәжірибелі ойыншы – Атанаскоски мен Буйволовтың келмеуі әсер етті ме?

- Әрине, әсер етті. Матч соңында біздің ауысымдарымыз мүлдем басқаша болар еді, бізде нұсқалар жеткіліксіз болды. Егер олар қатарда болса, біз сәл басқаша ойнайтын едік, бәлкім, таразы басы біздің жаққа ауар ма еді. Соңында Хозиннің жүре алмай қалғанын көрдіңіз, бірақ біздің қосалқы құрамда орталық қорғаушылар болмады, сондықтан гол жіберіп алдық.

- Сіздің командаңыз екі түрлі тайм өткізді. Мұның себебі неде?

- Бұл менің мәселем деп ойлаймын. Үзіліс кезінде мен жігіттерді тек тыныштандырдым. Олардың ойнағысы келетінін сездім, бұл жаттығуда да сезілді, бірақ жігіттер матч басында ойынды бақылай алмады.

- Назымханов пенальтиді орындауға барғанда, шешуші соққыны дәл сол ойыншының орындауға мәжбүр болғанына өкініш болды ма?

- Мен Назымхановты қатты жақсы көремін, оған сенемін, әрқашан мүмкіндігінше ойнатуға тырысамын. Оны Қазақстан футболының болашағы деп есептеймін. Оның Қазақстан құрамасында дебют жасайтын сәті де алыс емес. Оған уақыт керек. Мен Назымхановқа ешқашан қысым жасамас едім, бірақ аздап өкініш болды. Мен оны пенальти тебетін ойыншылардың тізімінде ең соңына қойдым, бірақ оның тебуіне тура келді. Ол керемет адам.

- Жеңіліске қарамастан, команда бүгін мінез көрсетіп, кездесу тағдырын өзгерте жаздады. Сіз өз командаңызды мақтан тұтасыз ба?

- Бұрынғы командаларымның абыройын асқақтатпай-ақ, «Шахтер» жаттықтырушы ретіндегі мансабымда максималды нәтижеге қол жеткізген клуб екенін киім ауыстыратын бөлмеде айттым. Менің футболшыларым біз қатысқан үш турнирде де сәтсіздікке ұшыраған жоқ, өздерін жақсы жағынан көрсетті. Мен бұл командамен мақтанамын!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×