Май Махлангу: «Осында қалу үшін бар күшімді саламын»

02.11.2020, 16:13
Махлангудың Шымкенттік клубпен екі жылдық келісімшарты бар екен.
Май Махлангу: «Осында қалу үшін бар күшімді саламын»

«Ордабасы» командасының Оңтүстік Африкалық жартылай қорғаушысы Май Махлангу клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында шымкенттік команданың болашағы, чемпиондыққа үміткерлер жайлы және Қазақстандағы өмірі туралы айтып берді.

- Бұл шын мәнінде мен үшін үлкен тәжірибе. Мен мұнда Оңтүстік Африка Республикасынан келдім және сол жылдардан бері осы аумақтағы көптеген жерлерді, адамдарды көрдім және көптеген нәрсені меңгердім. Бұл мен үшін жаңа ел болып табылады және Қазақстаннан мен тек оң (жағымды) әсер алдым. Менде бұл жерде барлығы жақсы, ойыным да, жеке өмірім де. Тек өзімнің жанұямнан алыста жүргенім болмаса.

- Сіз осыған дейін бірнеше елде өнер көрсеттіңіз. Осы чемпионаттар деңгейі туралы айта аласыз ба?

- Иә, чемпионаттардың арасында айырмашылық бар және мәселе тек қана Болгарияда емес. Басқа елдермен салыстырсақ, әр елдің өз мәдениеті бар және әр чемпионаттың өзіндік ерекшелігі бар. Мен Швецияда, Түркияда, Бельгияда, Румынияда доп тептім. Егер Қазақстан чемпионатын салыстырсақ, онда бұл жерде үлкен футболшылардың өсуіне мүмкіндіктер өте көп. Иә, қазіргі таңда Испания чемпионаты мықты болып табылады. Өйткені, ол сондай прогрессивті турнир. Ал мен үшін Түркия және Бельгия чемпионаттары үздік болып табылады. Бельгияға тоқталсақ, біз онда Еуропаның көптеген командаларына қарсы тұрдық және сол деңгей менің мансабыма өзіндік ықпалын тигізді. Иә, бұл жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған жақсы чемпионат. Өздеріңіз көріп жүргендей, Қазақстан чемпионаты жылдан-жылға жақсарып, өз жемісін беруде. Естеріңізде болсын, клубтар арасындағы чемпионат қаншалықты жақсы болса, ұлттық құрамаға да соншалықты өз әсерін тигізеді. Әр жыл сайын чемпионатымызға шетелден деңгейімізді көтеретін ойыншылар келуде және алдында айтқанымдай, бұл ұлттық құрамаға позитивті әсер береді. «Ордабасы» соңғы екі жылда жақсы қарқынмен келе жатқан клуб. Маған ерекше ұнайтыны, бұл клубта Максим Ваганов, Эльхан Астанов, Аслудин Хаджиев секілді жас ойыншылардың бар болуы. Олар негізгі құрам ойыншыларымен иық теңестіре жаттығады. Менің ойымша бұл өте жақсы. Бұл командада ерекшелік бар және команданың алға жылжи алатын жас ойыншылармен толығуы өте маңызды.

- Бұл сіздің командадағы екінші маусымыңыз. «Ордабасы» клубы жайлы не айтар едіңіз?

- Мен Болгарияда «Лудогорец» сапында жүрген кезде, менің агентім маған ауысым жайлы бірнеше нұсқа көрсеткен болатын. Ол маған Қазақстан жайлы қысқаша айтып өтіп, менің осы жерге нақты қоныс аудару мүмкіндігім жайлы сұрады. Мен негізі саяхаттауды жаным сүйетін адаммын, Қазақстан мен үшін жаңа белес. Мен: "Егер маған сол елден осындай ұсыныс болса, онда мен қуана-қуана келісемін" - деп айтқан болатынмын. Мен білетіндей, Қазақстан мен Ресей ешқашан бір мемлекет болмаған. Өз агентімнен: "Қазақстанда адамдар қандай тілде сөйлейді?" - деп сұрадым. Ол маған қазақша және орысша тілде сөйлейді деп жауап қатты. Мен осы жолды таңдағаныма қуаныштымын. Иә, келіссөздер өте ұзақ уақытты алды және тиісті шарттарын талап етті. Нәтижесінде, барлығы жақсы өтті және мен осылай болғанына өте қуаныштымын.

- Осы маусымдағы чемпиондыққа үміткер командаларды атап өтсеңіз

- Бұл чемпионатты жеңгім келмейді десем, өтірік болар еді. Біз алаңға шыққан сайын, тек жеңісті ойлаймыз. Біздің команданың деңгейі чемпионатты жеңіп алуға жетеді. Мысалы, мен Швеция секілді ұлттық біріншіліктерде чемпион атанғанмын. Біздің қарсыластарымыз жайлы айтатын болсақ, мен өзіндік құрылымы бар «Қайратты» ерекше атап өтер едім. Олар біздің ұлттық біріншілікте топ жаруға лайық деп ойлаймын. Және мен біздің клубымызды да атап өткім келеді. Бізде өте жақсы ойыншылар мен бізді алға жетелей алатын және жоғарғы деңгейге көтере алатын бапкер бар. Басқа клубтар жайлы тағы да тоқталатын болсақ, менің ойымша, қазір «Астана» клубы чемпионатты ұтуға дайын емес. Ал «Қайрат» қазіргі таңда алтыннан алқа тағынуға үміткер бірден-бір клуб болып табылады.

- Бұл маусымда коронавирустық пандемияға байланысты жанкүйерлердің стадионға келуіне тыйым салынды. Бұл команда ойынына әсер ете ме?

- Бұл өте өкінішті. Жанкүйерлер болмаса, футбол да болмайды. Олар стадионға келіп, бізге қолдау көрсетеді. Олар кейде бізге келіп, "Сіздердің ойындарыңызды көру үшін және қолдау үшін билеттерді арнайы сатып аламыз" - деп айтады. Иә, олар футболды теледидардан көре алады. Бірақ менің пікірімше, бұл олар қалайтын іс емес. Жанкүйерлерсіз ойнау маған тартысты ойындардан гөрі, жаттығуды еске түсіреді. Сол үшін де, жанкүйерлер ойынға тікелей әсерлін тигізеді деп айта аламын.

- Сіздің Шымкенттік клубпен келісімшартыңыз қай уақытқа дейін жарамды?

- 2 жылдық келісімшартым бар. Алда әлі бір жыл бар. Әрине, мен командамен жаңа келісімшартқа отырып, мұнда тағы ұзақ уақытқа қалғым келеді. Маған бұл жерде ойнаған ұнайды. Басқа адамдардың не айтатыны маңызды емес. Маған бұл жер ұнайды және мен бұл елде футбол ойнаудан ләззәт аламын. Мен бұл жерде қалу үшін бар күшімді салып, командаға өз көмегімді тигізгім келеді.

- Пандемия жайлы ойыңыз қандай?

- Сөзсіз, жанұямнан алыста болу мен үшін өте қиын. COVID-19 тек Африка ғана емес, бүкіл әлем халықтарының да жағасын ұстатып, көптеген адамдар ажал құшты. Менің әжем де бұл індетпен ауырды. Бірақ Құдайға шүкір, қазір бәрі жақсы. Бұл пандемия адамдардың өмір сүру нормаларын өзгертті. Бұл мәселе көптеген адамдарға қиындық туғызды. 10 ай бойы жанұяңсыз тұру өте қиын. Қазіргі таңда барлығы өз қалпына келуде. Адамдар өздерінің қиындықтарын жеңуге тырысуда. Мен біздің бұл індетті жеңетінімізге сенімдімін. Шынымды айтсам, мен ешқайда шықпай үйде отырдым. Біздің Макс есімді - өте жақсы көлік жүргізушіміз маған азық-түлік жағынан өте қатты көмектесті. Себебі, мен карантин кезінде ешқайда шыға алмадым. Макстың жанұясы маған ұлттық дастархан жайып, ет пен күріштен жасалған дәмді тағамдар әзірлеп берген болатын. Мен оның жанұясына рахмет айтамын! Қазіргі кезде ондай жақсы адамдарды кезіктіру қиынның-қиыны. Сол үшін де, мен өмірімнің қиын кезеңінде жанымда Макс секілді досым болғанына қуанамын.

- Шымкент сізге ұнады ма?

- Мен өзім жеке Шымкентте расисттік (нәсілшілдік) мәселерге тап болып көрмедім. Мен көшеге достарыммен бірге шыққан кезде, кейбір адамдар менің олармен суретке түсуімді сұрайды. Бұл жай ғана менің шетелдік азамат екеніме байланысты шығар. Адамдарға менімен суретке түсу әрине қызық. Бірақ мен бұны расизм деп қабылдамаймын. Мен жаңа айтқанымдай, Шымкентте ондай жағдайларға тап болып көрмедім. Біз Алматыға барған кезде де ондай жағдайлар орын алмайды. Себебі, Алматы - өте үлкен қала және ол жақта менімен суретке түсіп, қолтаңбамды алғысы келетін адамдар көп кездеспейді. Шымкент әрине өзгеше қала. Бұл қала тұрғындарының маған деген көзқарасы өте жақсы және әрқашан барлық сұрақтарыма жауап табуға көмектеседі. Сол үшін, мен бұл жерде еш қиындықсыз өмір сүремін.

- Команда жанкүйерлеріне тілегіңіз

- Мен жанкүйерлерімізге тек денсаулық тілеймін және үйде болуларын, таңертең ұйқыдан тұрғанда Аллаһтан жақындарының денсаулығының сау болуын тілеуді ұмытпауларын сұраймын. Денсаулық негізінде өте маңызды рөл атқарады. Біз сіздерді қатты сағынамыз және бұның барлығы өтіп, сіздерді стадионнан көреміз деп сенеміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×