Қазақстан чемпионатында сегіз жылдан бері өнер көрсетіп жүрген сербиялық легионер Алекса Аманович ұлттық құрама сапында ойнаудан бас тартты, деп хабарлайды Aladop.kz.
“Тобыл”, “Астана” командаларының намысын қорғап, биылғы маусымда “Ордабасыға” қосылған ол Қазақстан азаматтығын алып, құрама намысын қорғауға ниетті емес екенін ашық айтты.
Vesti.kz порталына берген сұхбатында Аманович бұл шешімінің астарында жеке амбиция емес, қазақ футболының болашағына деген құрмет жатқанын жеткізді. Ол легионер ретінде жергілікті жас таланттардың орнын иеленгісі келмейді.
"Жоқ, мен құрамада ойнамаймын, мұны бұған дейін де айтқанмын. Себебі, мен жас ойыншылардың жолын бөгегім келмейді. Мәселен, Жасұлан Әмір сияқты жігіттер бір-екі жылда құрама деңгейіне дайын болатынын дәлелдеп жүр. Мен легионер ретінде осындай таланттардың орнын тартып алғым келмейді, бұл мен үшін — принципті мәселе." — деді Алекса.