«Ахмат» өз алаңында Ресей Премьер-Лигасының бесінші тур матчында «Крылья Советовты» жеңді.
Кездесу Грозныйда өтіп, алаң иелерінің 3:1 есебімен жеңісімен аяқталды. 5-минутта Эгаш Касинтура есеп ашып, «Ахматты» алға шығарды. 51-минутта қазақстандық шабуылшы Максим Самородов пенальти алып беріп, оны Мохамед Конате сәтті орындады. 79-минутта Касинтура дубль жасап, тағы да Самородовтың тікелей қатысуымен көзге түсті. 85-минутта қонақтар бір гол соғып үлгерді. Ал 88-минутта Максим Самородов алаңнан алмастырылды.
Айта кетейік, бұл матчта отандасымыздың өнері 7,3 ұпаймен бағаланды. Бұл көрсеткіш бойынша ол Эгаш Касинтурадан (8 ұпай) ғана қалып қойды.
Бұл жеңістің арқасында «Ахмат» 6 ұпай жинап, турнирлік кестеде 9-орынға көтерілді. Ал «Крылья Советов» 8 ұпайымен 5-орында қалды. Келесі турда «Ахмат» сырт алаңда «Оренбургпен» ойнайды.