Қазақстан ұлттық құрамасының және Грозныйлық "Ахмат" клубының шабуылшысы Максим Самородов жас талант Дастан Сәтпаев жайлы пікір білдірді.
Самородов өз сұхбатында Сәтпаевқа жоғары баға беріп, оның болашағына сенетінін атап өтті:
"Дастанды жақсы білемін. Ол "Челсиде" өзін қалай көрсететінін уақыт анықтайды. Бірақ бала жас болғанымен, өте мықты. Ал "Челси” таныстық арқылы ешкімді алмайды. Демек, Дастан бұл жетістікке өз еңбегімен жеткен. Біз бәріміз оған сенеміз, ол өте қабілетті футболшы.” — деді Самородов "Чемпионат" басылымына берген сұхбатында.
Еске салайық, Дастан Сәтпаев келесі жылдың тамыз айында ресми түрде "Челси” ойыншысы атанбақ. Клуб пен ойыншы арасындағы келісімшартқа қол қойылған, алайда мәміле әзірге күшіне енген жоқ, себебі ФИФА ережесіне сай, кәмелетке толмаған ойыншылардың халықаралық трансферіне уақытша тыйым салынған.