Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Максим Самородов "Ақтөбе" клубының жаңа мүшесі, Португалиялық атақты футболшы Луиш Нанидің трансферіне қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Футбол жолы YouTube-арнасына берген сұхбатында Самородов Нанидің жасына қарамастан өзін өте жақсы бабында ұстайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Португалиялық шебердің кәсіби деңгейі мен тәртібі жас ойыншылар үшін үлгі.
"Онымен бір командада ойнаған футболшылардың айтуынша, Нани — өз ісінің нағыз майталманы. Ол өзіне өте мұқият қарайды және қазіргі жасында да өте ширақ көрінеді. Бірақ мәселе тек физикалық бабында ғана емес.” — деді Самородов.
Максимнің пайымдауынша, Нани секілді тәжірибелі ойыншының клубқа келуі тек алаңдағы нәтижемен шектелмейді. Оның команда ішіндегі беделі мен берер кеңесі ұжымдық рухты көтеруге септігін тигізбек.
"Тіпті ол алаңға шықпаған күннің өзінде, киім ауыстыру бөлмесіндегі оның орны бөлек. Мұндай ойыншының команда құрамында болуының өзі клубқа үлкен пайда әкеледі.” — деп түйіндеді сөзін “Ахмат" шабуылшысы.