
Қазақстан құрамасы мен грозныйлық «Ахматтың» жартылай қорғаушысы Максим Самородов РПЛ-дің 21-турының аясындағы кезекті кездесуінде өнер көрсетті.
Қазақстандық футболшы мәскеулік «Химки» клубына қарсы матчты негізгі құрамда бастап, 70-минутқа дейін доп тепкен болатын. Жалпы командасының бірнеше қауіпті шабуылына қатысқанымен, нәтижелі әрекеттерімен көзге түсе алған жоқ. Тиісінше Flashscore сайты Самородовтың өнеріне 6,7 деген баға берген. Бұл қонақтар сапындағы ойыншылардың арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Ал «Химки Арена» алаңындағы ойынның өзі 1:1 болып аяқталды.
Максим Самородов РПЛ-24/25 маусымындағы 15 бәсекеде 3 гол салып, 2 ассист берген. Сондай-ақ, Ресей Кубогіндегі 5 кездесуде 2 рет мергендік танытты.
22-жастағы ойыншы енді Қазақстан құрамасының қатарында ӘЧ-2026 іріктеу кездесулерінің аясындағы Уэльс пен Лихтенштейнмен болатын матчтарға дайындалады. Максим Самородов Қазақстан құрамасының жейдесінде 21 бәсекеде өнер көрсетіп, 3 доп соққан.
Біздің серіктес: FONBET