Манчестер Юнайтед өмірден озды. Марин Левиджовтың ерекше тағдыры

15.10.2025, 16:30

Өмір бойы "Манчестер Юнайтедке" жанкүйер болған Болгария азаматы Марин Здравков Левиджов 62 жасында көз жұмды. 

Манчестер Юнайтед өмірден озды. Марин Левиджовтың ерекше тағдыры

Ол өз есімін ресми түрде "Манчестер Юнайтед” деп өзгертіп, клубтың таңбасын маңдайына татуаж етіп салдырған адам болатын.

Левиджов Болгарияда құрылысшы болып еңбек еткен қарапайым азамат еді. Алайда 1999 жылы Чемпиондар лигасының финалында "Манчестер Юнайтедтің" "Баварияны” 2:1 есебімен жеңуі оның өмірін түбегейлі өзгертті. Сол тарихи түннен кейін ол:

"Бұл команда менің өмірімді өзгертті. Мен енді оларға мәңгілік адалмын." — деп айтқан екен.

Сол жеңістен соң ішімдік ішіп отырып, ол өз есімін "Манчестер Юнайтед” деп заңды түрде өзгертуге шешкен. Алайда бұл арманға жету оңай болған жоқ, ол 15 жыл бойы түрлі бюрократиялық қиындықтарға тап болып, тек 2014 жылы ғана ресми түрде аты-жөнін өзгертуге қол жеткізді.

Бұл ерекше оқиға Болгарияда түсірілген "My Mate Manchester United" атты деректі фильмге арқау болды.

2014 жылы Британдық The Sun басылымы оның арманына қанат бітіріп, Левиджовты Манчестер қаласына апарып, "Олд Траффордта” саяхат жасау мүмкіндігін сыйлады.

Ол атақты стадионды аралап, киім ауыстыру бөлмесіне кіріп, тіпті "Сандерлендке” қарсы матчты тамашалады.

"Өз батырларым жүрген жермен жүру, олардың орындығына отыру – бұл менің өмірімдегі ең ғажайып сәт болды. Мұны ешқашан ұмытпаймын.” – деп тебіреніп айтқан ол.

Мариннің үйі толықтай "Юнайтед” рухымен безендірілген еді. Қабырғаларда клубтың постерлері, ойыншылардың суреттері, жалаулар мен жейделер. Тіпті ол өз мысығын Дэвид Бекхэм деп атаған.

Ол бір сұхбатында "Олд Траффордқа” 4 мың миль жол жүріп жеткенін және ойыншылардың бөлмесіне кірген сәтте көз жасын тыя алмағанын айтқан.

Өкінішке қарай, сол күні сүйікті командасы "Сандерлендпен” 1:1 есебімен тең түскен болатын.

2017 жылы Левиджов тағы да Манчестерге барып, клубтың оқу-жаттығу базасында ойыншылармен жүздесіп қайтты.

Оның өмірінің соңғы жылдары туралы көп дерек жоқ, алайда бір нәрсе анық — ол "Манчестер Юнайтедті” жай ғана жақсы көрген жоқ, ол өз өмірін сол клубқа арнады.

Марин Здравков Левиджов — шынайы адалдықтың символы. Ол сүйікті командасын сүйіп қана қойған жоқ, есімі мен тағдырын соған арнады. Оның махаббаты мен жанкүйерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×