«Манчестер Сити» жолы ауыр команда ма

17.12.2013, 11:52
«Манчестер Сити» жолы ауыр команда ма
  Еуропа чемпиондар лигасы сынды ірі додадан жанкүйер қауым «Манчестер Сити» командасын 2011 жылдан бастап көре бастады. Одан бұрын ең үлкен құрлықтық бәсекеде бақ сынау бақыты «Қалалықтарға» бұйырмаған болатын. 2011 жылдан бастап Еуропа алаңдарында пайда болды дегенмен, сол кездері Манчини баптайтын жігіттердің жолы бірден бола қойған жоқ. Байрақты бәсекеге қатысқан алғашқы жылы-ақ топтық кезеңнен ары аса алмады. Бұған «манчестірліктердің» әлсіздігі емес, тәлейлерінің тайқы түсуі себеп болды. Бұлай дейтініміз, олар топтық кезеңдегі алты ойында он ұпай олжалаған болсада, қарымды қарсыластары алдын орап кеткен болатын. «Бавария», «Наполи», «Виллерал» командаларымен бір топқа түскен англиялықтар тек «Виллералдан» ғана оза алған еді. Олардың сәтсіз сапарлары келесі жылы да дәл солай жалғасты. 2012/13 жылғы чемпиондар лигасында «Манчестер Сити» командасы тек қана чемпиондардан құралған Д тобына тап болды. «Реал Мадырит», «Дордмунд», «Аякс» және «Манчестер Сити» командаларынан құралған топ бір ауыздан «өлім тобы» деп мойындалды. Өлім тобына тап болған «Қалалықтар» өз тобында тағы да үшінші орынға тұрақтады. Осылайша олар өздері қатысып отырған екнші ЧЛ-н да сүреңсіз аяқтаған болатын. Бұл топтан оза шапқан «Реал» мен «Дордмундтың» жолы жартылай финалда қайта түйіскенін әлі ұмыта қойған жоқ жанкүйерлер. Манчестерлік командаға биылғы топтық кезеңнің жеребесі жаман болмады. «Баварияны» айтпағанда басқа екі қарсыласын қапы қалдыру «Қаладан келген» жігіттерге қиынға соққан жоқ. Осыған қарап бұлардың чемпиондар лигасындағы жолы енді ашылды дей бергенімізде, 1/8 финалдың жеребесі жағдайды қайта күрделестіріп жіберді. Олардың келесі қарсыласы айбарынан ай жасырынатын «Барселона» командасы. Құрлықтық доданы бұған дейін төрт рет бағындырған испандық ұжымның соңғы төрт-бес жыл көлемінде бүкіл Еуропаны қи сыпырып жүргенін бәріміз білеміз. Ендеше, Еуропа алаңдарында енді-енді алпауыттар қатарына қосылып келе жатқан «Манчестер Сити» командасы үшін тағы бір алынбас асудың кез болғаны сөзсіз. Қуанышхан ӨМІРХАН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×