МАҢҒЫСТАУДА ФУТБОЛ НЕГЕ ЖОҚ?

19.11.2011, 22:20
МАҢҒЫСТАУДА ФУТБОЛ НЕГЕ ЖОҚ?

Қазақ футболы әлемдік деңгейде доп тебе алмаймыз деп тулап жатса, ал өз ішімізде, әсіресе Маңғыстау футболының бойына қан жүгірмей-ақ қойды. 12 команда өнер көрсететін Қазақстан Премьер Лигасына өту «Каспий» клубы үшін нағыз «Абылай аспаған бел» болып тұр. Команданың бағы жанбай ма, әлде бабы келіспей ме? Бәлкім, жиі ауысатын бапкерлердің «сиқырынан» ба? Қанша қынжылсақ та, соңғы жылдары футболдан өтетін Қазақстанның Премьер Лигасы қызу өтіп, жанкүйерлер де белсене бастады. Бірақ оның қатарынан Маңғыстаудың командасы көрінбейді. «Мұнайшы» стадионында «бөркімізді аспанға атып қуанатын» күн қайда дейді Маңғыстаудың жанкүйері. Осы мәселе жайлы футболдың басы-қасында жүрген мамандар мен спорт журналистері не дейді? Соған назар аударыңыз.

        Сергей ПАХОМОВ, Маңғыстау облысының туризм және спорт басқармасының президенті: «Барлық ақшаны футболға бөлсек, қалғаны елеусіз қалады» Команданы жоғарғы лигада қалай ұстап тұруға болады? Мәселе осында. Ең нашар команда үшін 1,5 млрд, ал мықты команда үшін 3,5 млрд. теңге кетеді. Ал, бізге облысымызға, спортқа 1,7 млрд. бөлінеді. Барлық ақшаны футболға бөлсек, қалғаны елеусіз қалады. Президенттің халыққа жолдауында 2020 жылға 30 пайыз халық дене шынықтыру және спортпен айналысу керек деген болатын. Кешіріңіздер, егер халық жаппай спортпен, дене шынықтырумен айналысуын талап ететін болсақ, онда мен біздің футбол дамыған деп те айта аламын. Екіншіден, біздің жоғарғы лигада ойнауға лайықты алаңымыз жоқ. Ал спорт сарайын салуға кемінде 4,5 млрд теңге қаржы керек. Барлық аудандарда спорт кешендерін, әр үлкен ауылдарға, әр селоларға спортпен айналысуға жағдай жасайық, содан кейін қаржыны футболға бөлейік. Қазір мысалы, Бірінші лигада жас шамасымен қарағанда, ең жасы 1993 жылғыдан 2 ойыншы болу керек. Ал бізде қазір 1994 жылғы 3-4 ойыншымыз алаңда жүр. Және өте жақсы ойыншылар. Өз жастарымызды осылай тәрбиелеп жатырмыз. Біз мықты ойыншыларды шығарып, өзге, жоғарғы лигада доп тебетін футболшыларды дайындаймыз. Асқар КЕЛЖАНОВ, «Каспий» ФК 1994-1998 жылғы коман-даларының жаттықтырушысы: «Демеушілеріміз жоқ» Маңғыстау футбол командасы жоғарғы лигаға шыққан жоқ. Бірақ, біздің жастардың да жетістігі жақсы. 1996 және 1997 жылғы жасөспірімдер командасы Қазақстан чемпионы атанды, Анталиядан 1994 жылғылардан жасақталған командамыз 2-орын алып келді. Осы жылы жастарымыздың жетістігі көп болды. Ал үлкендеріміздің ойыны төмен деңгейде. Өйткені, басты кемшілік – қаржы мәселесі. Бізге мемлекеттік бюджеттен ғана ақша бөлінеді. Ол барлығына, «Каспий» клубының жоғарғы лигада ойнауына жетпейді. Демеушілеріміз жоқ. Бізге ойын алаңдары керек. Спорт зал, тағы сол сияқты жағдайлар жасалу керек. Бізден басқа футбол клубтарының демеушілері бар. Ал бізде қаншама мұнай компаниялары бар, бір де бірі көмектеспейді. Наурыз айында Анталияға бару үшін қаржы керек болды. Қаржысының жартысын облыстық спорт басқармасы берді, жартысын кәсіпорындардан сұрадым. 3 кәсіпорын көмектесті. Бір реткі жарысқа барып келуімізге қаржылай көмектесті. Мэлс ҚОШАНОВ: «Каспий» футбол клубы директорының міндетін атқарушы: «Жоғарғы лигаға кіріп, 2001 жылғы сияқты құлап қалсақ, қыруар қаржы далаға кетеді» – Қазақстанның жоғарғы лигасында ойнайтын командамыз бар. Бірақ қаржы жетіспейді. Қаржы жоқ деп те айтуға болмайды. Үкімет тиісті қаржыны бөліп отыр. Ол ақша «Каспий» клубының жоғарғы лигада ойнауына жетпейді. Бізде қолдаушылар жоқ. Жоғарғы лигаға кіріп, 2001 жылғы сияқты құлап қалсақ, қыруар қаржы далаға кетеді. Қазіргі бірінші лигадағы жетістігіміз жақсы. Командалар барлық талаптарға сай, сертификатталған. Негізі жоғарғы лигаға шығу бапкерлер мен ойыншыларға байланысты. Біз де демеушілер іздеп жатырмыз. Бірақ, барлық облыстарда негізінен басшыларына байланысты болады. Барлық облыстардың футбол командалары әкімнің командасы деп айтуға болады. «Аджип» компаниясының демеушілігімен стадион салынады дегенге 4 жыл өтіп кетті. Біздің стадион тек бірінші лигаға сай келеді. Ал жоғарғы лигаға шығу қазіргі жағдайда мүмкін емес. Диас АХМЕТШӘРІП, спорт комментаторы: – Спорт саласының қайнаған ортасында жүрміз. Әр өңір өз спорт жетістігімен, футболымен мақтанып жатады. Футболға қызықпайтын адам жоқ шығар, сірә. Әрине, Манғыстауда футболдың жоқтығы қынжылтады. Жоқтығы дейтінім, футболдан өтетін Қазақстан біріншілігінде Маңғыстаудың командасын көрмейміз. Бірақ көш жүре түзеледі демекші, мұнайлы өлкенің келешекте футболға деген көзқарасы өзгереді деп сенемін. Ең алдымен, ол жергілікті спорт басшылығы мен облыс әкімшілігіне байланысты деп ойлаймын. Үгіт-насихат жеткілікті – күнде теледидардан, газет беттерінен футбол ойындары туралы кеңінен мағлұмат беріліп тұрады. Бірақ іс жүзінде осы ойынды көтеріп, жас буынды футболға тарту үшін арнайы шаралар жүргізу керек деп ойлаймын. Ол ең алдымен балалар футболын көтеру қажет – мектепаралық, калааралық, ауданаралық жарыстар өткізу, балалар, жастар құрамасын жасақтау, білікті маман шақыру, ойыншыларға тиесілі жалақы төлеу – кызыктыру керек. Осы тарапта облыс әкімдігінің жұмысы ақсап тұрғаны көрінеді.

Дайындаған: Сәбит БЕГЕНДІК

http://ukkz.net/?p=4200

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×