Жақында ғана "Жеңіс" сапына қосылған жартылай қорғаушы Александр Меркельге қатысты маңызды жаңалықтар белгілі болды, деп хабарлайды Aladop.kz.
33 жастағы футболшы Қазақстан Премьер лигасында легионер ретінде, яғни Германия азаматы ретінде өнер көрсететін болады.
Match KZ мәліметінше ол осы жылдың соңында кәсіби футболдағы мансабын толықтай аяқтауды жоспарлап отыр.
Алматыда дүниеге келген Александр жастайынан ата-анасымен Германияға қоныс аударып, футболдағы алғашқы қадамдарын сонда бастаған. 16 жасында Италияға аттанып, атақты "Милан” клубының академиясына қабылданды.
2010-2011 жылғы маусымда "Миланның” негізгі құрамында 10 ойын өткізіп, А сериясының чемпионы атанды. Сол кезде оның трансферлік құны 5 миллион еуроға дейін жетіп, Еуропаның ең болашағы зор жас таланттарының бірі саналған болатын.
Кейіннен "Дженоа", "Удинезе", Англиялық "Уотфорд", Швейцариялық "Грассхоппер" және Германиялық "Бохум" сияқты көптеген клубтарда бақ сынады.
Соңғы жылдары ол Сауд Арабиясы, Түркия, БАӘ және Иран чемпионаттарында ойнап, 2025 жылдың қыркүйегінде "Legentus FC” клубымен келісімшартқа отырған болатын. Қазіргі таңда оның нарықтағы құны 500 мың еуро шамасында.
Александр Меркель жасөспірімдер деңгейінде Германияның (U15-тен U20-ға дейін) намысын қорғаған болатын. Алайда кейіннен тарихи отаны — Қазақстанды таңдап, 2015-2019 жылдар аралығында ұлттық құрама сапында 3 матч өткізді.