Мараканадан «Аренаға» дейін-2 Академия қызықтары

13.04.2011, 19:55
Мараканадан «Аренаға» дейін-2 Академия қызықтары
Футбол королі Пеленің елі туралы кітаптардан, газет-журналдардан талай оқығанмын. Жер көлемі жағынан Бразилия әлемде бесінші орында, халқының саны жағынан да ең алдыңғы орындардың бірін иеленеді. Астанасы Бразилиа қаласында 2,5 миллион адам тұрады. Ал 1960 жылға дейін астана болған Рио – де –Жанейро қаласының өзінде ғана 14 миллиондай халық тұрады. Біздің дәуірімізге дейінгі Х – ІХ ғасырларда бүкіл Амазонка өзенінің жағалай үндіс тайпалары қоныстанған екен. Соның ең ірісі және Бразилия халқының негізін құраушы этникалық топ тупи деп аталады. ХVI ғасырда Португалиялықтар келіп осы жерлерді жаулап алған, кейін, тупилермен қаны араласып қазіргі халық пайда қалыптасқан көрінеді. Амазонка өзені, ит тұмсығы батпайтын қалың жынысты орман, кофе мен какао, қант тростигі… Карнавал… Бразилия десе осының бәрі еріксіз еске түсетін. Бәрінен де бірінен-бірі өтетін футбол жұлдыздары Гарринчаның, Джорджиньоның, Пеленің, Тастаоның, Зиконың, Сократестің, Рональдоның Рональдиноның, Рамирьоның, Каканың, Адриананың есімдері қандай?! Әлемнің бес дүркін чемпионы атанған Бразилия құрама командасының ойыны қандай?! Футбол спектаклі дерсің. Қара күшке салып кеуделеу, шалып құлату сияқты футболдың өрнегіне кір келтіретін әрекеттерге бармайды. Әр ойыншы соншалықты шебер, өте «жұмсақ» ойнайды. Ала доп аяқтарына жабысып қалғандай әдемі алдап, әдемі «финттер» жасайды. «Шіркін, осындай футболшы болсам» деп еріксіз қиялға берілесің. Енді міне сол армандаған Бразилия… Бұйырса, футбол жұлдыздарының талайын көретін шығармыз, әлі. «Оле Бразил клаб» футбол академиясы Рибейра қаласының жанында орналасқан. Қаланың 180 жылдық тарихы бар екен. Биік-биік үйлер мен футбол алаңдары өте көп. Үш бірдей кәсіби футбол клубы осы қаладан шығыпты. Академияда бәрі ойдағыдай ұйымдастырылған. Жатын орын, тамақ, спорттық және мәдени шаралар… Біз бір бөлмеге төрт баладан бөлініп орналастық. Дәл жанымызда Оңтүстік Африкадан келген қарадомалақ балалар жаттығады екен. Олар да Бразилия футболының дәмін татып, атақты футбол жаттықтырушыларынан тәлім алып өз елдерінің даңқын көтеруге келгендер. Біз жаққа қарағыштап, кейде әлденелер айтып, қолдарын көтеріп белгі беріп қояды. Біз де сөйттік. Африкалық ұландармен бірден іштей түсіністік. Бір жылға ғана келген екен. Олардың жанында үш жыл бойы оқып, жаттығатын біздің үйренеріміз көп сияқты. Академияға Бразилияның 1993 жылы туылған жасөспірімдер құрамасы да келіп жаттығады. Олармен де әу дегеннен тіл табыса бастадық. Сонымен, ептеп айналаға қарап, зерттеп алған соң алаңсыз сабаққа кірістік. Күнделікті атқаратын ісіміздің кестесі әр бөлмеге ілінген. Оны мұқият сақтау керек. Мәселен, таңғы сағат алты жарымда шырқ ұйқыдан оятады. Кофе ішіп тәбетімізді ашқан соң, сабаққа барамыз. Оқуымыз таңғы сағат алты жарымда. Содан түскі он екіге дейін оқимыз. Сағат он екіден он бес минут өткенде түскі ас. Сағат екіге дейін академияның балалары түгел тамақтанып болады. Екіден үш жарымға дейін тынықтырып, дем алдырады. Үш жарымнан бес жарымға дейін жаттығуға барамыз. Алты жарымда кешкі ас, ал жеті жарымнан онға дейін үй жұмысын орындаймыз. Сағат түнгі оннан он бес минут өткенде сок немесе какао береді, он бірде ұйқыға жату. Осы күн кестесін қатаң сақтау керектігі ескертілген. Күнделікті осылай. Академияға арындап келген көңіліміз бір аптадан кейін сәл қоңылтақсып, елді, жерді аңсап, жүрегіміз сағыныштан сыздап жүрді. Әйтеуір, қазіргі заманның байланыс техникасының арқасында ата-анамызбен, дос балалармен хабарласып, мауқымызды басамыз. Оның үстіне бізге «Нұр»Астана» жастар апталығындағы ағайлар да қайта-қайта телефон шалып, жағдайымызды сұрап, сұхбат алып жүрді. Осының өзі қызық. Біз туралы елдегі газет жазып жатыр деп іштей мақтанамыз. Алғашқы кезде бізді Бразилияға алып барған жаттықтырушымыз Ербол Мергенбайұлы мен Мұсафар Абдулсаттаров та біз сияқты «шәкірт» болып, үйренумен жүрді. Сабақ португал тілінде жүретіндіктен бәрімізге оны меңгерудің қажеттігі айқын еді. Сондықтан бұған бір кісідей ден қойдық. Бразилиялықтар қашан да көңілді Рибейра қаласы бізге алғашқы танысқан кезден-ақ ұнады. 220 мыңдай халық тұрады екен. Бразилиялық шамамен алғанда шағын ғана қала. Бірақ өткен ғасырлардан қалған ғимараттар мен қазіргі заманғы жаңа үйлер жымдасып, тұтса бір үлгіде көрінеді. Бұл туралы бізге қаланы көрсетуге алып шыққан жол бастаушымыз айтып берді. Оның қала тарихын жақсы білетіні көрініп тұр және әр ғимарат жайында тәпіштеп айтып беруден жалықпайды. Байқағаным, сақталып қалған ежелгі сәулет өнерінің бәрі де португалдықтармен тығыз байланыстырылады. Расында, еуропалықтардың үндістер жеріне келіп қала салғаны тарихтан белгілі. Сондықтан бұған аса таңданбайсың. Бірақ, менің ойыма тарих пәнінде жадыма тоқып қалған ежелгі маялардың сәулет өнері туралы мұғалімнің айтқаны түсті. Мексиканы мекендеген атцектердің «пирамидалары» қандай? Олар еуропалықтар Америкаға аяқ баспай тұрып салынған ғой. Бұл туралы кино да көргенмін. Рибейра ғимраттарында үндістердің де үлесі бар шығар… Пеленің отандастары көңілді жүреді екен. Езулері жиылмай әлденеге қарық болып жатады. Біз қазақша әзілдейміз. Олар өз тілдерінде мәре-сәре. Көше толы қара торы, күн қаққан адамдар. Маржандай аппақ тістерін көрсетіп, қатты дауыстап сөйлесіп өтіп жатады. Ара-арасында ақшыл-сары еуропалық пішіндестері де жетерлік. Қаламен алғаш осылай таныстық. Таза, көрікті қалаға мейірімді, көңілді халық жарасып тұрғандай. Жексенбі күндері осындай қызықты сапарларға толы. Тағы бірде Сантос қаласын араладық. Атақты Пеле — Эдсон Арантис ду Насименьто осында туған. Қара маржанның кезінде «Сантос» футбол клубында ойнағанын екінің бірі жақсы біледі. Қаладағы «Сантос» стадионында мұражайы бар. Пеленің түрлі жарыстарда жеңіп алған кубоктары, алғашқы ойында киген футболкасы, ойнаған доптары бәрі-бәрі қызықты. Мұражайдан үлкен әсер алдық. Жалпы бразилиялықтар футболға құмар халық. Балалары футбол деп көз ашатын сияқты. Бойларында ала допты қуып ала жөнелетін қасиет бар. Әлде бұл мемлекеттің футбол өнерін дамытуға ерекше көңіл бөлуінің арқасы ма? Сенбі күндері академияда футболдан жолдастық кездесулер өткіземіз. Жаттығуларға арналған үш бірдей футбол алаңы емін-еркін өзімізге тиеді. Өзіміз дегенім —африкалық балалар, біз және бразилиялық ұландар… Ептеп португал тілін түсініп, бірді-екілі тілдесуге халымыз жеткендіктен қысылмай араласып кеттік. Достарымыз көбейді. Біздің әр аяқ алысымызды өзіміздің ұстаздарымызбен қатар Тиого, Лукас, Фабриссио, Элтон сияқты бразилиялық мамандар жіті бақылап отырады. Дене әлеуетіміздің шамасын Элтон бапкер қадағалайды. Оның айтуынша, футболшы тоқсан пайыз дене күші жағынан мықты болуы керек, ал қалған он пайызы техникаға байланысты. Дүбірлі дода басталды Академия сабақтары мектеп бағдарламасымен қатар футбол өнері құпияларының алғашқы әліппелерін зердемізге құйды. Ептеп төселе бастадық. Ел чемпионатының ойындарын теледидардан қалт жібермей қадағалаймыз. Ондай кезде қай команда жеңеді деп бәс тігісіп жатамыз. «Коринтианс», «Палмейрас», «Сантос», «Сан-Паулу», «Фламенго», «Гремио», «Крузейро»… Бәрі де жүйрік. Қазірше ел біріншілігінің басында «Сан-Паулу» командасы келеді. Бұл ең ежелгі командалардың бірі екен. 1929 жылы құрылған. Сан-Паулу штатының 11 дүркін чемпионы, ел чемпионатының үш мәрте жеңімпазы атанған команда. Дүние жүзіне танымал болған Кафу, Раи, Леонардо, Ренато Силва, Ривалдо сияқты аяқдоп шеберлерін шығарған. Ал «Коринтианс» болса, Бразилияда ғана емес, жалпы Оңтүстік Америкадағы ең бай клуб көрінеді. Ел чемпионатында әбден танымал болған. «Палмейрас» та осал емес. Оның құрамында кезінде Дида, Роберто Карлос, Карлос Тевес, Фабио Коста сияқты жұлдыздар ойнаған. Олардың кейбіреулері әлі де Еуропа командаларында атой салып жүр. Көгілдір экраннан футбол ойындарын тамашалаған сайын осындай мәліметтерге қаныға түсесің. Бұл бір жағынан біздің футболды ерекше құрмет тұтып, өмірлік серік етуге ұмтылған ниетімізді бекіте түсуге әсер етеді екен. «Болмасаң да ұқсап бақ…» дейді Абай атамыз. Академия алаңдарында жолдастық кездесулер өткізіп жүріп, өзіңді ала доптың хас шеберлеріндей сезінесің, солардай болуға тырысасың. Ал «Сан-Паулу» кубогына қатысатынымызды естігенде, өзімізді қоярға жер таппадық десем артық айтқандық емес. Өйткені алғашқы сынақ, алғашқы аяқ алысымызды тезге салатын кез. Қалай болар екен? деп алаң көңілмен жүрдік. Өзіміз сияқты өзге елдердің балаларынан кем соғып жатқанымыз ұят қой. Командамызды «Қазақстан-94» деп атадық. Сөйтіп, өз қаламызда «А» тобында ойынды бастап жібердік. Алғашқы кездесуіміз бразилиялық балалардың «Травинес» командасы болды. Ойын басталысымен Пеленің ізбасарлары қайта-қайта шабуылдап, қос қаптал арқылы қыспаққа ала бастады. Біздің қорғанысымыз берік. Аналар тасқа соғылғандай кейін қайтады. Әуелде әлеуеттері кәдімгідей қалыптасып қалған қарадомалақтар бізге дес берместей көрінген. Бірақ бірте-бірте ойын қалыпты арнаға түсті. Рауан Сариев, Виктор Павленюк, Тимур Бахретдин сияқты ойыншыларымыз олардан кем соқпайтынын дәлелдегендей, қарсы қақпаның маңайынан табылып жатты. Ал қақпашы Бақытжан Сағатовтың шеберлігі тіпті ерекше көрінді. Сөйтіп. алма кезек шабуылдасып жүріп, ақыры біз бразилиялық команданы 2:1 есебімен тізе бүктірдік. Осы жеңіс дем бергендей болды. Бұдан кейінгі кездесулердің бәрінде де мерейіміз үстем болып, өз тобымызда бірінші орын алдық. Мәселен, «Луис-Антонио» командасын 7:1 есебімен, «Да Силваны» 6:1 есебімен ұттық. Сегіз кездесуде қарсыластар қақпасына 21 доп соғып, өз қақпамызға 5 доп жіберіп алдық. Артынан шілде айында Сан-Паулудағы финалдық ойындарда Аргентина, Канада, Бразилия, Боливия, Парагвай, Оңтүстік Африка елдерінен келген жеңімпаздармен күш сынасып өзіміздің күшті екенімізді дәлелдедік. Біз «Паулиста» кубогын жеңіп алдық.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×