Бүгін қазақ футбол қауымдастығы асыға күткен Президент сайлауы өтті. Қазақстан федерациясын бұдан былай жас саясаткер Марат Омаров басқарады. Иә, тойдың болғанынан боладысы қызық деген. Бұл лауазымға басты үміткерлер Ерлан Жамантаев пен Давид Лория сайлауға түсуден бас тартып, ашығын айтқанда Омаровқа орын берді.
Сонымен, Қазақстан футбол федерациясының су жаңа президенті - Омаров Марат Талғатұлы. Ол 1988 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Жастайынан білімпаз, қоғамдық шараларға белсенді араласқан Омаров мектеп бітіргеннен кейін Англияға аттанып, Йорк университетінде экономист мамандығы бойынша білім алады. Ағылшын Премьер-лигасын көзбен көрген қазақтың қара домалақ баласы тұманды альбионда оқып жүріп, студенттер лигасында футбол ойнайды. Өзі де допты тәуір тепкен сияқты. Кейін Хадерсфильдтің жастар командасына шақырту алып, Англияның төменгі лигасында өнер көрсеткен. Бірақ, бірінші орынға футболды емес білімді қойған Марат оқуын тәмамдап елге оралады. Еуропадан келген жас маман еңбек жолын ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінде кеңесші болып бастаған. Содан бері мемлекеттік қызметтегі мансабы өсіп, «Қазақтелеком» АҚ атқарушы директоры, «QazTechVentures» АҚ Басқарма төрағасы, «Байтерек» ҰБХ» АҚ атқарушы директоры секілді ірі компанияларды басқарған. 2022 жылдан бері ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің төрағасы қызметін атқарып келеді.
Сонымен 36 жасына дейін мемлекеттік қызметтің түрлі сүрлеуінен өтіп, жаман аты шықпаған саясаткер Марат Омаровқа енді футболдағы бәсекелестікті арттырып, ел футболындағы жемқорлықпен күресу міндеті тұр. 30 жылдан бері тұралаған жүйеге жаңа реформалар енгізу қажет. Ағылшын тілін жетік меңгеріп, Еуропа футболынан хабары бар Марат Талғатұлы ФИФА Президенті Джанни Инфантино, УЕФА-ның басшысы Александр Чефериндермен емін-еркін сөйлесіп, ел футболына қаржы көздерін тартуына да мүмкіндігі мол. Сондықтан, Марат Омаровтың ҚФФ Президенті қызметіндегі қадамы құтты һәм табысты болсын деп тілейміз. Әділет Назарбайұлы салған сара жолды әрі қарай дамытып, қазақ футболы өркендей түседі деп сенеміз.
Біздің серіктес: FONBET