Испанияның Marca басылымы "Реалдың" Қазақстанға сапары туралы айтылып жатқан пікірлерге жауап беріп, жағдайды ушықтырмауға шақырды.
Журналист Рауль Варела былай деді:
"Бізді "Реалдың” Қазақстанға сапарымен жалықтырмаңыздар. Бұл Лос-Анджелеске маусым алдындағы турға ұшқаннан да қысқа әрі сондай-ақ жайлы. Егер қаңтардағы соңғы турлардың біріне түссе, минус 10 градус болса ол кезде ғана сәтсіздік дер едік. Өмір бойы Киев пен Мәскеуге ұшып жүрдік. Қытайға немесе Жапонияға дайындыққа ұшқанда бәрі үндемейді, ал сегіз сағаттық сапарды сонша дабыра қылудың қажеті жоқ."
Ал Рикардо Рейес:
"Шынын айтсам, "Қайратпен" Алматыда ойнау қиын ба, әлде желтоқсанда нөл градус суықта "Ньюкаслмен" Сент-Джеймс Паркте ойнау қиын ба білмеймін. Бұл Аргентинаға 20 күндік маусым алдындағы дайындыққа бару емес. Дайындық басқа, ресми матч мүлде басқа. Чемпиондар лигасының бұл жаңа форматы өте әділетсіз."
"Қайрат" – "Реал” матчы 30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Сондай-ақ Алматылықтар өз алаңында "Брюггемен”, "Пафоспен” және "Олимпиакоспен” кездеседі. Қонақта "Спортингке”, "Интерге” және "Арсеналға” қарсы ойнайды.