Мардан Төлебек, «Ордабасы» футбол клубының жартылай қорғаушысы: Қазақ футболы үшін тер төгу – парызым

15.09.2011, 20:03
Мардан Төлебек, «Ордабасы» футбол клубының жартылай қорғаушысы: Қазақ футболы үшін тер төгу – парызым

Үстіміздегі жылы «Ордабасы» сапына алынып, жақсы өнерімен бірден көзге түскен жас дарын Мардан Төлебек жаттықтырушылар тарапынан жақсы баға алып үлгерді. Жартылайқорғанысты мықтап меңгерген талантты жігіт Слободан Крчмаревич баптайтын жастар құрама командасына да алынды. Аз уақыттың ішінде біршама нәтижеге қол жеткізген қазақ футболының болашақ жарқын жұлдызы Мардан Төлебекпен сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

-         Мардан ең алдымен жанкүйер қауымға өзіңді таныстыра кетсең. Футболды қалай, қашан бастадың?

-         Өзім Оңтүстік Қазақстан облысында тумасымын. Бадам ауылында жастайымнан доп теуіп өстім. 5-сыныптан бастап футбол үйірмесіне жазылдым. Ақыры аладоптың артында жүрген соң, кішкене жаттығулар жасап, футболға бөлек көзқараспен қарай бастадым. Алғашқы бапкерім Қуаныш Кескенбаевтың қоластында футбол әліппесін аштым. Онан кейін отбасылық жағдайға байланысты қылыға ауысып, футболдағы білімімді Шымкентте жалғастырдым. Игорь Филипчук деген жаттықтырушы да бар білгенін аямай үйретті.

-         Жасөспірімдер деңгейінде біраз жетістіктерге жеткен шығарсың...

-         Енді жасөспірімдер арасында түрлі турнирлерге қатысып, жүлделі болып жүрдім. Махамбет Сапарбаев спорт мектебінде жаттығып жүргенде біршама жетістікке жеттім.

-         Жастайыңнан жартылай қорғанысқа бейім болғандықтан, алаңда осы орынды қалаған шығарсың? -         Жоқ. Мен негізі басында шабуылшы едім. Кімге де болсын гол соғып, жанкүйерлерді қуантқан ұнайды ғой. Бірақ кейін бертін келе мен шабуылды жартылай қорғанысқа ауыстырдым. [caption id="attachment_7302" align="aligncenter" width="480" caption="Мардан Толебек алаңда әрқашан белсенді"][/caption] -         Үлкен футболға алғаш аяқ басқан сәттерің ешқашан ұмытылмайтын шығар. Қобалжу, сасқалақтау секілді сезімдер бастан өткен болар.

-         Иә, рас айтасыз жастар футболынан ауысып үлкен футболға аяқ басқанда өз-өзіңді танымастай өзгереді екенсің. Алаңда басқаша ойын көрсетіп, өзіңді толықтай ашуға мүмкіндік болады. 2008-жылы «Ордабасының» қосалқы командасына алындым. Бапкерім Шайзидин Кенжебаев мені осы кезден бастап жартылай қорғанысқа шығара бастады. Мүмкін менен мықты жартылай қорғаушы шығар деп ойлаған шығар. Бірақ, мен бұл шешіміме еш өкінбеймін. Ең бастысы сүйікті ісім футболмен айналысып жүрмін. Түбінде сол қапталда ойнайтын жартылай қорғаушыға айналдым. Алғашқы үлкен футболдағы маусымда осындай қорытындыға келдім.

-         Негізгі командаға ойнауды көп армандаған жоқ шығарсың?

-         «Ордабасы» сапында қашан алаңға шығар екенмін деп тағатсыздана күтіп жүретінмін. Оған асығатын ештеңесі де жоқ екен. Өз уақытыңды асықпай күту керек. Бапкерлер бір мүмкіндік берері анық. Тек осы уақыт ішінде шыдамдылық танытып, жаттығуларға барынша көңіл қойып қатысу қажет.

2010 жылы Орал қаласында «Ақжайыққа» қарсы кездесуде «Ордабасы» жейдесін киіп алғаш рет алаңға шықтым. Алғашқыда қатты қобалжыдым. Аяққа доп тұрмай сасқалақтайды екенсің. Әйтпесе жаттығуда он рет жасап жүрген дүниелер ғой сол. Келесі кездесулерде әріптестер қолдап, демеп отыратын болды. Мұхтар Мұхтаров секілді командаластарым әр ойынның алдында ақыл-кеңестерін аямады. Рухани көмек берді.

-         Осы күні қазақ футболында енді шығып келе жатқан жастар буынынан, қатарластарыңнан кімді ерекше атап өтер едің?

-         Биылғы маусымда «жарқ» етіп шыққан аяқдопшылардан алдымен «Жетісу» ойыншысы Саят Сариевті атап өтер едім. Оның командасы да өзі де биыл көп адамдарды таңқалдыруда.

-         Әлемдік футболда пір тұтатын ойыншың кім?

-         «Барселона» жартылай қорғаушысы – Хави. Бойы да кішкентай, жылдамдығы да аса қатты емес, бірақ алаңда доп ұстасы, пас беру мәнері керемет. Техникасы да жоғары деңгейде. Ең бастысы кез-келген жағдайды ақылмен өлшейді. Дегенмен, мен «Реал» Мадрид командасының жанкүйерімін.

-         Қазақстанда бапкерлерден қай маманды мықты деп білесің?

-         Әзірге футболды енді бастап келе жатқандықтан көп бапкерлерді біле бермеймін. Бірақ алдағы уақытта Қазақстандағы білікті бапкерлермен жұмыс жасайтын да шығармыз. Барлығы алда ғой. Өз басым «Ордабасы» жаттықтырушысы В.Пасульконы мықты бапкер деп білемін, әрі сыйлаймын.

-         Ал премьер-лигадағы қай клубтың ойыны ұнайды? -         «Ақтөбе». Әдемі футбол көрсетеді. -         Осы жылы жастар ұлттық құрама командасына іліндің. Ондағы жағдайды сипаттап өтсең?

-         Ұлттық құрамада өнер көрсету әрбір аяқдопшының арманы шығар. Бас бапкер сербиялық маман Слободан Крчемаревич талай нәрсені үйретті. Бұл футболға енді келген жастарға үлкен мектеп болады. Жаттығулары өте қызықты. Сосын ол кісі алаңның кез-келген жерінде, қай уақытта болмасын барлығынша дайын тұруды баса айтады.

-         Жанкүйерлерге айтарың бар ма? -         Мен білетін Шымкентте жанкүйерлер өте мықты. Стадионға үнемі көптеп келіп, қолдауды аямай береді. Айтарым, тек осы беттерінен таймай, сүйікті клубтарын онан әрі қолдай берсін. Себебі, жанкүйерсіз стадионда ойнаған бізге де қызық емес. Футбол – жанкүйерлер үшін. -         Әңгімеңе рахмет! Әңгімелескен Ермұхамед МӘУЛЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×