Маркку Канерва: «Қазақстан осындай қиын топта үш ұпай жинап, жақсы команда екенін дәлелдеді»

11.10.2021, 22:39
Финляндия бапкері ертеңгі ойынның оңайға соқпайтынын мәлімдеді.
Маркку Канерва: «Қазақстан осындай қиын топта үш ұпай жинап, жақсы команда екенін дәлелдеді»

Финляндия ұлттық құрамасының бас бапкері Маркку Канерва 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстанға қарсы өтетін матч алдында баспасөз мәслихатына қатысып, жергілікті тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

- Бізде бұл кездесуге дайындалуға көп уақыт болмады. Бірақ қыркүйек айындағы матч есімізде. Бақытымызға орай, біз бұл ойында жеңіске жеттік. Біз қиын ойын болады деп ойлаймыз. Қазақстан - өте тәртіпті команда. Бұл менің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарым.

- Сіз соңғы ойында жіберген қателіктеріңізді жөндедік деп айттыңыз. Қандай түзетулер енгізгеніңізді айта аласыз ба?

- Иә, біз Қазақстанмен өткен алғашқы ойында жеңіске жеттік. Бірақ бізде түзетуді қажет ететін қателіктер болды. Біз бұл ойында жеңіске жетуге және үш ұпай алуға тырысамыз. Өкінішке орай, біз Украинаға қарсы матчта өзіміз қалағандай ойнай алмадық.

- Ертеңгі матч Финляндияда өткен соңғы ойынға қарағанда басқаша болады. Бұл шешуші ойын, егер сіз жеңе алмасаңыз, онда командаңыз әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігінен айырылады. Финляндия мен Қазақстан турнир кестесінің соңында тұр, осыны ескерсек бірінші матчпен салыстырғанда қысым көбірек бола ма?

- Иә, мен турнир кестесіне қарадым. Біз соңғы орында емеспіз, сондықтан әлі де мүмкіндік бар. Әрине, стресс көп болады, бірақ біз бұған онша мән бермейміз. Сонымен қатар бізде әлі Босния мен Герцеговинамен, сондай-ақ Франциямен өтетін ойын бар. Әлем чемпионатына жолдама алу үшін бар күшімізді саламыз.

- Бірнеше күн бұрын Қазақстан Босния және Герцеговинамен ойнады. Сіз бұл ойынды көрдіңіз бе? Қазақстан құрамасының деңгейі туралы не айта аласыз? Бұл ойында Қазақстан несімен ерекшеленді?

- Мен бұл ойынды көрдім. Әрине, Финляндияда өткен ойынмен салыстырғанда, Қазақстанның кейбір айырмашылықтары бар. Құрамында өзгерістер болды, дегенмен ойыншылар техникалық және агрессивті футбол көрсетеді. Жақсы ұйымдастырылған команда. Бізге бос кеңістік табу қиын болады, бірақ біз ойынға жауынгерлік рухпен шығамыз.

- Егер біз Францияны есептемесек, топтағы командалардың деңгейі шамалас па?

- Бұл өте қиын топ. Франция - әлем чемпиондары. Біз олардың бірінші орында болатынын білдік, ал қалған командалар екінші орынға таласады деп ойладық. Біз осы екінші орынды иеленгіміз келеді. Қазақстан осындай қиын топта үш ұпай жинап, жақсы команда екенін дәлелдеді.

- Букмекерлік кеңселер сіздің командаңызды алдағы ойында фаворит деп санайды. Сіздің ойыңызша бұл әділетті ме?

- Букмекерлік кеңселер қандай коэффициент беретінін білмеймін. Бұл ойын өте қиын болады. Мен бұған көп назар аудармаймын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×