“Манчестер Юнайтед” шабуылшысы Маркус Рашфорд алдағы маусымды “Барселона” сапында өткізетін болды. Қос клуб арасында Ағылшын футболшысын бір жылға жалға беру туралы ауызша келісім жасалып қойған. Келісімге сәйкес, Каталондықтар келесі жазда ойыншыны толықтай сатып алуға құқылы.
27 жастағы Рашфорд өткен маусымның екінші жартысын “Астон Виллада” жалға өткізген болатын. Рубен Аморим баптаған “Юнайтедте” негізгі құрамнан тыс қалған ол “Виллада” 17 матчқа қатысып, 4 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген.
Рашфордтың “Манчестер Юнайтедпен” қазіргі келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін жарамды. Алайда биылғы маусымда ол жазғы дайындық кезеңінде негізгі құраммен бірге емес, Джейдон Санчо, Алехандро Гарначо, Антони және Тайрелл Маласиямен бірге жеке жаттығу өткізіп жүрді.
Айта кетерлік жаңалық “Барселона” шабуылшыны жалға алғанымен, оның толық апталық жалақысы — 315 мың фунт стерлингті түгелдей өздері төлейді.
Рашфорд “Манчестер Юнайтед” сапында жалпы 426 матчқа қатысып, 138 гол соққан және 77 нәтижелі пас берген. Ол клубпен бірге екі мәрте Англия Кубогы мен Англия Лигасы Кубогын және бір рет Еуропа Лигасын жеңіп алған.
Каталондық клуб бұл жазғы трансфер маусымында Швед шабуылшысы Руни Бардгжи мен қақпашы Жоан Гарсияны қатарға қосты. Ал бұған дейін басты трансферлік мақсаттардың бірі болған Нико Уильямс “Атлетик Бильбаомен” 10 жылдық жаңа келісімшарт жасасты.
“Барселонаның” бас бапкері Ханс-Дитер Флик сол қанаттағы шабуыл шебін күшейтуді басты міндеттердің бірі деп санап отыр. Ал Рашфорд жуырдағы сұхбатында Каталондық клубтың жас жұлдызы Ламин Ямалмен бірге ойнағысы келетінін айтып:
“Әрине, бұл мен үшін үлкен мәртебе болар еді. Кез келген футболшы үздіктермен бірге ойнағысы келеді. Бәрі уақыт еншісінде,” – деген болатын.