Тіл үшін күрес жүріп жатқандай. Өткен аптада ғана Алматы автобустарының бірінің жүргізушісі жолаушыға орыс тілінде жауап бере алмағаны үшін қоғам белсендісі тарапынан сынға ілініп, оқиғаның соңы дауға ұласқан болатын. Ендігі кезек Қызылорданың «Қайсар» клубына жетіпті.
«Қайсар» мен «Каспийдің» кездесуінен кейін ойыншылар өзара қазақ тілінде сөйлескен. Ойын барысын қазақ тілінде талқылаған. Олардың мұнысы бас бапкерге жақпай қалады. Сөйтіп төрт жылдан бері бапкерлік қызметті атқарып жүрген болгар азаматы Стойчо Младенов ойыншыларды қазақша сөйлеспеуге, өздеріне түсінікті болу үшін орыс тілінде сөйлесуді талап етеді. Бұған ашуланған ойыншы мен бас бапкер арасында кикілжің болған. Мәселенің мәнін білу үшін біз Қызылорда облысы әкімдігіне хабарластық. Ондағылар бұл істі «Қайсардың» өз ішінде шешкенін, әкім спорт басқармасына тапсырма бергенін, бапкер кешірім сұрағанын, жағдай ушығып бара жатқанда ғана әкімдіктің араласатынын жеткізді. Ал «Қайсардың» баспасөз хатшысы Ерасыл Шәрібекке хабарласқанымызда, ол футбол клубында ортақ тіл орыс тілі екенін айтып, жағдайды бұрмаланды деп отыр.
– Бұл шара қолданатындай іс емес. Бұл бұрмаланған. Нақты жағдай сіздер ойлағандай емес. Ойыннан кейін қазақтар өзара қазақ тілінде ойынды талқылайды. Сол кезде бас бапкер «Біз барлығымыз түсінетіндей ортақ тілде сөйлесейік» дейді. Бары осы ғана. Бірақ жағдай ақпарат көздерінде «бас бапкер қазақ тіліне қарсы болды» деген мағынада тарап кетті.
– Бас бапкер неге ортақ тілді қазақ тілі деп түсінбейді?
– Командада түрлі ұлт өкілдері, легионерлер бар. Олардың бәрі қазақ тілін түсінбейді.
– Сонда қай тіл ортақ тіл болып тұр сіздерде? Осыған жауап беріңізші!
– Барлығына ортақ тіл – орыс тілі. Шетелден келген легионерлер, орыстар – бәрі орыс тілін түсінеді. Бұл мәселе жалғыз «Қайсарда» ғана емес, қай клубты алып қарасаңыз да, осындай жағдай. Қай клубтың бапкерін көрдіңіз, қазақ тілінде ойын жүргізгенін? Бапкер ойыншыдан кешірім сұрады. Қазір олардың арақатынасы қалыпты жағдайға көшті.
– Құпия болмаса, бас бапкердің айлығы қанша?
– Оны айта алмаймыз. Әркімнің өзінің келісімшартта көрсетілген нақты айлығы бар. Оны мен де білмеймін.
Әдетте, легионер ғана емес, кез келген елші өзі барып қызмет еткен елдің тілін үйреніп алады. Бұл қызметтік талап. Бұл сол мемлекетке көрсеткен құрмет! Ал онымен салыстырғанда, басқа бір елдің ақшасын алып, сол елдің атынан ала доп қуып жүрген легионерлер сол ел халқының тілін құрметтемей ме? Өйткені ойыншы сол елден мол ақша тауып, көсегесі көгеріп жүрген жоқ па? Бірақ, өкінішке қарай, бізде олай болмай тұр.
Белгілі кинорежиссер әрі футболшы Ермек Тұрсыновқа хабарластық. Футболды бір кісідей жақсы түсінетін азамат біздің сұрағымызды айтқызбай ұқты. Ол: «Бұл адамның өзіне байланысты дүние. Олар уақытша келген адамдар. Өздерін солай түсінеді. Сондықтан көптеген легионер барған елінің тілін, дәстүрін, құндылықтарын үйренгісі келмейді. Бірақ үлкен ойында жүрген үлкен ойыншылар олай ойламайды. Олар ең алдымен өзі барған елінің мәдениетіне, тілі мен сол мемлекеттің құндылықтарына құрметпен қарайды. Зидан, Роналдо болсын, қай клубта ойнаса, сол жердің құндылықтарын түсініп, ең алдымен, тілін меңгеріп алады. Өйткені тіл білмесе, ойыншы алаңда қалай доп тебеді? «Қайсар» клубында болған жағдай ең алдымен мәдениет және спорт министрлігіне сын. Сын ғана емес, бұдан былай легионер шақыратын кез келген облыс әкімдері мен клубтар ойланатын сұрақ. Мұны шешу керек!», – деп кесіп айтты.
Тіл үшін күрес – күрестердің ұлысы! Барлық салада мемлекеттік тіл үшін тартыс жүріп жатыр. Бірақ кейбіреулердің қазақ тілін төрге шығармай, босағада көргісі келетіні жанға батады.
Жарас КЕМЕЛЖАН
Мәлімет көзі: jasqazaq.kz
Біздің серіктес: FONBET